Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толды

Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толды

Қазақтың даңқты ұлдарының бірі Қасым Қайсенов.

Соғыстан кейін қолына қалам алған майдангер бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Кейін өзі де талай кітаптың кейіпкеріне айналды. Биыл «Халық Қаһарманының» дүниеге келгеніне 105 жыл толып отыр.

Қасым Қайсенов, Халық Қаһарманы:

- Кім де кім Отанын сүйсе, халқын сүйсе, халқы үшін, елі үшін, жері үшін өзін өзі аямаса, сол батыр болып шығады не батыр болып өледі. 

"Қасым" к/ф үзінді

Қасым Қайсенов еліне қызмет етудің ерен үлгісін қан майданда, бейбіт өмірде көрсетіп кеткен қаһарман. Жау тылында жанқиярлығымен сан мәрте көзге түсті. Төрт бөлімді «Қасым» фильмінде батырдың өнегелі өмірі жан-жақты көрсетілген. Көзі тірісінде халықтың сүйіктісіне айналған майдангердің бейнесін сомдаған Қуандық Қыстықбаев фильмнен кейін көлденең кісі Қасым деп атай бастағанын айтады.

Қуандық Қыстықбаев, актер:

- Фильмге шақырған кезде бір қазақты ойнайсыз деді да. Қасым Қайсенов екенін айтқан жоқ. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Құдайға шүкір, фильм сондай дерлік, жалпыға дерлік ұнады. Менің ойымша, шүкір, Қасым атамыз бақытты адам. Қасым атамызға ең бірінші 96-жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Халық Қаһарманы» деген атақты бірінші берді. Бірақ ескерткіш дейтіндей кішкене енді әрине Астанада, Алматыда сол бір үлкен ескерткіш қойылса, артық болмайтын шығар.  

Ескерткіш демекші, биыл майдангер тұлғасын ұлықтауға айрықша назар аударылуы тиіс. Сәуір айында туғанына 105 жыл толды. Әрине батыр елге ортақ. Дегенмен, жүктің ауыры туған жері Шығыс Қазақстан облысына түсетіні анық. Жергілікті билік ұсынған мәліметке сенсек, облыстық деңгейде ғылыми, мәдени және спорттық іс-шаралар жоспары түзілген. Дегенмен, көпшіліктің көңілін күпті қылған мәселе де жоқ емес. 

Мирас Өтей, қоғам белсендісі:

- Қасым атамыздың мынау Чехов көшесі мен Жеңіс даңғылының, қателеспесем, бойында қоладан құйылған бюст мүсіні тұрған. Одан кейін бір он жыл шамасында тұрды, бес-алты жыл шамасында тұрды ма екен?! Содан кейін мынау бұрынғы Киров паркінің ішіне әкеліп орнатылып, бір қуысында тұр. Әрине жұмыс жасалмай жатқаннан кейін осы бір қуыста тұр ғой, өкініштісі. 

Қоғам белсендісі қаланың қақ ортасына Қасымның еңселі ескерткішін қойып, музейін ашуды ұсынады. Мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекемеге сұрау салған едік. «Монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстары Мәдениет және спорт министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған арнайы жоспары аясында жүзеге асады» деген мазмұндағы жауап алдық. Ескерткіш осы жоспарға енген жағдайда ғана қойылуы мүмкін. Ал жоспарға қашан енетіні әзірге белгісіз.

Нұрқанат Қанапия, Жігер Бабаханов