Жеңіс күні Көкше төрінде. LIVE

Жеңіс күні Көкше жерінде айрықша атап өтілуде.

Қаладағы барлық көрікті жерлер мен орталық алаңдарда қойылымдар көрсетіліп әскери әндер шырқалып жатыр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Ақмолалықтар жыл сайын Жеңіс күнін ерекше атап өтеді. Қазір міне біз Көкшетаудағы орталық алаңдамыз. Бұл жерде бір емес, екі бірдей даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтың ескерткіші орнатылған. Яғни жиналған халық алдымен қос батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті. Сондай-ақ мәңгілік алаудың маңындағы халықтың да қарасы қалың. Жалпы соғысқа Ақмола облысынан 90 мыңға жуық адам аттанып, олардың тек жартысына жуығы ғана қан майданнан аман-есен оралды. Өкінішке орай, ол кісілердің қатары да қазір жылдан жылға сиреп барады. Бүгінгі күні облыс бойынша 8 ардагер ғана қалған. Оның бірі осы Көкшетау қаласында  тұрады. Біз жаңа ғана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасымен және шаһардағы Мәлік батыр атындағы музейдің мамандарымен сұхбаттасқан болатынбыз. 

Шияп Әлиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Жылда үкімет тарапынан ардагерлерге жақсы қолдау көрсетіледі. Былтыр 1 млн теңгеден бердік. Биыл 1,5 млн теңге табыстадық. Өкінішке орай, ардагерлер азайып барады. Көкшетауда 1 ғана адам қалды. Жалғыз ардагер өзі, жағдайын жасап тұрамыз. Балконын, терезесін ауыстырдық.

Аягөз Махметова, М.Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Мәлік батырдың тұлғасын насихаттау жұмыстары музейде жақсы қойылған. Осы уақытқа дейін 20 ірі жоба жүзеге асырылды. Республика бойынша батыр есімімен аталатын 9 мектеп бар. Оның барлығында жас ғабдуллиншілер клубы құрылып, батыр мұрасы насихатталып келеді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жеңіске арналған шаралар легі енді-енді қыза бастады. Тек облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда осындай шаралар ұйымдастырылған. Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен ерекше көзге түскен ақмолалық батырлар көп. Жаңа ғана айтқан Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтан бөлек Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, даңқты композитор Рамазан Елебаев, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтардың барлығы осы өлкенің мақтаныштарына айналған. Айталық, 11-де басталған концерттік бағдарлама кешкі сегізге дейін жалғасатын болады.