Терезеден төнген қауіп: қауіпсіздік шарасын қалай күшейткен жөн?

Қарағандыда 2 жастағы бала 7-ші қабаттың ашық тұрған терезесінен құлап мерт болды. Бұл - жыл басынан бергі осымен үшінші жағдай.

Осыған дейін құлағандар аман қалғанымен, ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. "Облыс бойынша жыл сайын 20-ға жуық нәресте терезеден төнген қауіптің құрбаны болып жатады", - дейді төтенше жағдай мамандары. Қауіпсіздік шарасын қалай күшейткен жөн? 

Бес жастағы Ерсұлтан не бары 2 жасында 5-ші қабаттағы үйдің терезесінен құлап аман қалған болатын. Қасында анасы бар болса да бір мезетке назардан тыс қалған ол торға сүйене кетеді. Оңбай құлаған ойын баласының аяғы мен қабырғалары сынып, жансақтау бөлімінде жатқан.

Мекен Нұрсейітұлы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Келіншегім ұстап үлгермеген. Бірінші этажға барса жерде жатыр екен. Есін біледі. Талып қалмаған. Жылап жатыр. Төмендегі көршілер түсіп шулап, скорый шақырған. Солай аман қалды бір өлімнен. Дәрігерлер басын тексерген, ешқандай зақым болмапты. 1,5 ай гипспен жүрді де, екі айдан соң жазылып кетті ғой.

Күн жылығалы көпқабатты үйдегі балаларға төнетін қауіп көбейеді. Мысалы, былтыр Қарағандыда 9 бала терезеден құлаған. Оның 8-і ауыр жарақаттанған. Биыл күн жылығалы алғашқы айлардағы статистикада көңіл көншітпей тұр.

Асхат Маханов, Қарағанды қаласы тжб басшысының орынбасары:

- Құлаған 3 баланың екеуі зардап шексе, бір бала қайтс болды. Терезеге арнайы бекіткіштер, қиын ашылатын терезе қою жайында айтып жеткіземіз. Пластик тереземен айналысатын фирмалармен де сөйлесіп, оларға айтып ,халық сатып алып жатқан жағдай болса Сол кісілерге айтып-жеткізуді профилактика ретінде айтамыз.

 Пластик терезе орнататын компанияларда да қазір құлыптың не бір түрі бар. Оны менеджерлер келген әр адамға жеткізуге тырысады. Бірақ үнемді болу үшін балалары бола тұра одан бас тартатындар да кездеседі екен. 

 Абылай Қасымов, пластик терезе құрастырушы:

- Кез келген дүкенде сатылады. Әр адам қоя алады мына тросикті. Ограничительдің ең арзаны осы мынадан қатты ашылмайды, келесі осы ручка с замком, ең қымбаты 6-7 мың болса баланың өмірі одан қымбат шығар.  Ең арзаны 1,5 мың болатын шығар.

 Заң бойынша қазір құрылыс компаниялар жаңа үй салған кезде терезесінде міндетті түрде қауіпсіздік құлыптары болуы тиіс. Ал ескі үй тұрғындары тек өз еркімен орнатпаса, қайғылы жағдайлар азаймайды дейді құтқарушылар.

 Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар