Өскеменде жедел әрекет ету қызметтері үйлердің ауласына кіре алмай жүр

Өскеменде көп жағдайда өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері үйлердің аулаларына кіре алмайды.

Өйткені тұрғындар автомобильдерін кез келген жерге қойып, кіреберіс жолды жауып тастайды.

Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына тез жетті. Бірақ көп қабатты үйдің ауласына кіре алмай әлек. Себебі аулаға қойылған көліктердің арасынан өту мүмкін емес. Бұл үйреншікті жағдайға айналған.

- Дорогу оградили, не проехать дальше...

Олжас Желчубаев, қалалық №6 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі:

– Машиналарын қойып қояды. Аулаға кіре алмай қаламыз, сондықтан осындай жерлерден абайлап өтеміз. Болады енді оқиғалар, кейде өте алмай қаламыз, жете алмай қаламыз.

Өрт сөндірушілер үшін әр минут маңызды. Санаулы уақыттың ішінде бір пәтер жанып кетуі мүмкін. Мәселен, арнайы техниканы бұру үшін 10 метрдей жол керек. Десе де, көлік иелері бейқам. Оларды жол ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл да тоқтатпайды.

Әуес Талғатұлы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы:

– Екі өрттің бірі көпқабатты көпқабатты үйлердің аумағында болады. Көпқабатты үйлердің аумағына өрт сөндіру машиналары келген кезде ең бір қиындық тудыратын сәт, ол тұрғындардың автокөліктерін тұраққа дұрыс қоймауы. Адамдардың өмірін құтқаруға кететін уақыттың көбі көлік иелерін іздеу мен оларды алып тастаумен өтеді.

Автокөлікті тұраққа қою ережесін бұзу бойынша полицияға күніне 30 шағым түседі.

Сергей Коваленко  қалалық полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясының бастығы:

- Шағымдар көп түседі. Әр өтініш бойынша шара қолданамыз. Автотұраққа қатысты олқылықтардың басым бөлігі ескірген тұрғын үй секторында тіркеледі. Себебі бұл аумақтарды тұрақтар аз. 

Ел шығысында 70-жылдары салынған 211 мың тұрғын үй бар. Ескі нысандардың аумағындағы автотұрақтар тым тар. Мәселені шешу үшін алдағы уақытта автотұрақтар кеңейтіледі. Биыл облыс орталығында аулаларды абаттандыруға 855 млн теңге бөлінген.

Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин