Алматыда «Ұстаз бен шәкірт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Алматыда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ұстаз бен шәкірт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жинақта заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен абайтану ғылымының негізін салушы  Қайым Мұхамедхановтың арасындағы рухани байланыс көрініс тапқан. Еңбек авторы Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан. Деректер мұрағаттан алынған. Расында қос тұлға ұстаз бен шәкірт ұғымының жарқын үлгісін көрсетті. Өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан қазақ халқының жойылып кете жаздаған ұлттық мұрасын сақтап қалды. Атап айтсақ, 18-20 ғасырлардағы канондық мәтіндерден бастап, эпос пен фольклорды кейінгі ұрпаққа аманаттады. Оған қоса, Абай мектебі мен мәтінтану сияқты ғылымның жаңа бағытын ашты. Қайым Мұхамедханов Абайдың тұңғыш мұражайын құрып, «Абай-Алаш» тұжырымдамасын жасады.

Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Үлкен білім жолына түскен адамдардың, солардың арасындағы ұстаздық  шәкірттік қатынас, оны білуіміз керек.  Білім деген ол-ақиқатқа, әділеттілікке жол іздеу. Қайым Мұхтар ағасына замандас бола білді, ізбасар бола білді.

Дәулет Сейсенұлы, жазушы:

-  Әуезовты көрсетсең сенің ғылыми еңбегің де сақталады, болашағыңа кең жол ашылады дегенге қарамай адалдық танытып сол заманда 50-ші жылдары  қорғаған еңбегін қайтадан тәрк еткізіп, сол кездегі саясаттың әсерімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Карлагта Қарағанды лагерінде. Сталин өмірден өткенше 4-5 жыл өмірдің азабын көрген кісі.