«Самұрық-Қазына» қоры парниктік газ шығарындыларын азайтады

Астана халықаралық форумында Самұрық-Қазына қоры шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жел электр станциясын салу, ауаға таралатын қалдықтарды азайту мәселелері қозғалды.

«Самұрық-Қазына» компаниясы парниктік газ шығындыларын 10%-ке азайтады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасы Нұрлан Жақыпов Астана халықарлық форумы алаңында айтты. Сондай-ақ еліміз 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізбекші екенін атап өтті.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Елдегі көмірқышқыл газы эмиссиясының шамамен 15%-і біздің компаниялар тобына тиесілі. Біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. 2032 жылға қарай парниктік шығарындыларды 10%-ке азайтуды көздеп отырмыз.

«Самұрық-Қазына» еліміздің оңтүстігінде 4 жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Форумда Нұрлан Жақыпов жаңалықты ерекше айтып өтті. Алда станциялардың қуаты 1 ГВт электр энергиясына жетуі мүмкін. Қазір Қазақстандағы барлық жаңартылатын энергетиканың жалпы қуаты 2,4 ГВт болады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Masdar компаниясымен Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт ЖЭС салу туралы келісімге келдік. Дәл осындай жобалар Жамбыл облысындағы 1 ГВт жел электр станцияларының құрылысы бойынша шетелдік  компанияларымен бірлесіп жүзеге асады.

Қор басшылығы Power China компаниясымен Алматы облысында ЖЭС ауқымын кеңейтетін болып келісті. Бұл қала тіршілігіне едәуір көмек болар еді дейді. Мамандардың айтуынша, әрбір жұмыс нәтижелі болу үшін жасалады. Бүгінгі форум аясында да маңызды тақырыптар осылайша талқыға түсті.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Мейрам Жүнісов.