Атырауда 160 шақырым жол жөнделеді

Атырау қаласы мен іргесіндегі елді мекендердің көшелері жөнделетін болды.

Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттен 44 миллиард теңге бөлінді. Оған 7 қалаішілік және 9 ауылдың 163 көшесіне асфальт төселеді. Қазір 16 учаскеде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Бұл – Атыраудағы көлік көп жүретін, қозғалысы күрделі «Азаттық» даңғылы. Қазір сәуір айынан бері жөнделген алғашқы 300 метрі пайдалануға берілген. Енді қалған бөлігінде құрылыс жалғасып жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:
- Қазір бұл көшенің бойында дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар жердің қабаты 70 см-ге дейін күреліп алынады. Оның бетіне бетон төселеді. Сосын инертті заттар сосын барып асфальт төселеді екен. «Сондай қазір жасалған жолдың пайдалану мерзімі 10 жылға дейін ұзарады», - дейді мамандар.

Владислав Шин, Мердігер мекеменің өкілі:
-
«Азаттық» даңғылын жаңғыртуды бастадық. Жол табанын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оның ені 15 метр, ұзындығы 1 850 метр. Жолдың құрамы 80 см бетон, 30 см жабынды қабат. Соның үстіне 25 см асфальт жабындысы түседі. Бұл учаскені біз маусым айының аяғында тапсырамыз. 

Атырау сазды жерде орналасқандықтан тұзды топырақ асфальт жамылғысын тез бүлдіреді. Сондықтан құрылыс сапасы оның алғашқы қадасынан бастап бақылауда болуы тиіс. Әр учаскенің басында қадағалаушы мекеменің мамандары бекітілген. Олар кеңес береді, тексереді, қажет болса құрылысты тоқтатуға да құқылы.

Қуаныш Аманғали, Техникалық қадағалау мекемесінің инженері:
- Инертті материалдардың тексеріп жоба бойынша қалыңдықтарын тексеріп отырамыз. Сосын асфальт келген уақытта соның температурасы өз нормасында болуын қадағалаймыз. 140 градустан кем болмауы керек.  

Өңірде жылда инертті материал тапшылығы мен тасмалдау мәселесі жұмысты тежейтін. Тапсырыс берушілер биыл ондай проблема жоқ деп отыр.

Әлібек Мұхамбетәлиев, қалалық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Азаттықты, Датов көшесі, Балықшы-Зарослыйды осы жылдың соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Қалған жұмыстар 2024 жылы жалғасын табады. Онымен қоса бізде 9 елдімекенде жол құрылыс жұмыстары басталды. Оның жалпы ұзындығы 108 шақырымды құрайды. 163 көшеден тұрады. Жалпы қала бойынша жобалар көп. Олар өз мерзімінде жасалады.

Алдағы екі жылда шаһарда 160 шақырым жол төселеді. Қаржысы бөлінген. Енді салынған жол сапалы шықса игі. Егер көшелер кепілдік мерзімінен бұрын бүлінсе, жолды мердігер өз есебінен жөндейді. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин