Имантау-Шалқар курорттық аймағы дамиды

Шалқар-Имантау курорттық аймағында 19 заманауи демалыс орны салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың бәрі де қысы-жазы жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жерді жалға беру байқаулары былтыр ұйымдастырылған. Келісім-шарт бойынша кәсіпкерлер алдағы 3 жылдың ішінде 4,5 млрд теңге инвестиция тартуға міндеттелді.

Жалпы былтыр Қазақстандағы туристік нысандардың үздік ондығына кіретін мекенде 60 мыңнан аса адам тыныққан. Ендігі міндет – көлдің жағасына жететін жолдарды жақсарту, - дейді жергілікті билік өкілдері.

Нұржан Садықов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Инфроқұрылым сұрағы өте қиын шешіліп жатыр. Қазір жол мен жарық желілеріне жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бірақ курорттық аймақ ұлттық парктің қарамағында. Сондықтан жол салуға рұқсат берілмейді. Бұл мәселе жоғарғы жақта қаралады.