Ақтөбедегі су айдындарында қауіпсіздік күшейтіледі

Ақтөбеде суға шомылу маусымы басталғалы 8 адам өзен-көлге батып кетті.

Ал былтыр жыл бойы тоғыз адам осылай ажал құшқан. Осыған байланысты құтқарушылар мен полицейлер жағажайлардағы рейд шараларын күшейтті. Енді олар су айдындарында аптасына бірнеше рет бақылау жүргізеді. Шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түскендерге әкімшілік шара қолданып, айыппұл салмақ.

Өзен-көл жағасында рейдтік шара жүргізу биыл әдеттегіден ерте басталды. Бақылау жұмысы жылда шілденің ыстық күндері күшейетін. Бұл жолы құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінен бөлек волонтерлер, жазғы еңбек демалысында жүрген педагогтер де қосылды. Қала бойынша жаз бойы 60 волонтер мен мұғалім су жағасында кезекшілік атқарады. 

Қала жанынан ағып жатқан Елек, Қарғалы және Сазды өзендері аптақ ыстықта ақтөбеліктердің жиі келіп, шомылатын жері. Өкінішке қарай, бұл су айдындарында адамдардың батып кету дерегі де тіркеліп жатады. Рейдтік іс-шара барысында құтқарушылар жағажайларды шолып өтті. Әсіресе, шомылуға болмайтын жерлерге баса назар аударды.

БЛИЦ:

- Біз осы жерге үнемі келіп түсеміз. Ата-анамыз жұмыста. Бұл жерде шомылуға болмайтынын білмедік. Енді келмейміз.

Мұндай балаларды құтқарушылар мен полицейлерден құралған топ Елек өзенінің жағасында жиі кездестірді. Тыйым салынған жерде суға түсудің қауіпті екенін ескертіп, арнайы жадынамалар үлестірді. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

Ақтөбеде өзен - көлдерге шомылу ресми түрде 1-ші маусымнан басталды. Содан бергі екі апта өтті. Осы уақытта өкінішке орай сегіз адам суға батып кетті. Соңғы жағдай дәл осы жерде болған.

Айбат Жаңабергенов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Сегіз факті бойынша да негізгі себептері осы суға түсуге тыйым салынған аймақтарда суға түсуге жол берілген. Соның ішінде екі факті ішімдік ішу салдарынан суға кетіп отыр. Және де бір факті баланың ата-ананың қарауынсыз жағдайда болып отырғанын мәлімдегіміз келеді.

Биыл қала бойынша жаз бойы 20 жағажай жұмыс істейді. Мамандар тек сол жерлерде ғана шомылуға жағдай жасалғанын және құтқарушылар кезегі ұйымдастырылғанын айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.