СҚО-да М. Жұмабаевтың 130 жылдық тойы атап өтілді

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, Алаш қайраткері, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы туған ауылы Сарытомарда кең көлемде тойланды.

Оған бес мыңнан аса адам қатысты. Шоқтығы биік шараға шетелден де қонақтар арнайы келді. Шара барысында ұлттық өнерімізбен спортымыз ұлықталды. Яғни аламан бәйге ұйымдастырылып, боз кілемде балуандар белдесті. Сондай-ақ ақындар айтысы да өтті.

Бүкіл түркі әлемін мойындатқан Мағжанның кіндік қаны тамған жерде ұлан асыр той. Мемлекет басшысының құттықтауын Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жеткізді. Шоқтығы биік шараға мыңдаған адам жиналды. Қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, тіпті шетелден де қонақтар келді.  

Хулия  Касапоглу, Ченгел Гази университетінің профессоры:

- Иілмеген Мағжан. Күрес қылған, қайтпаған, қорықпаған. Бізге ұлттық қозғалыс кезінде қол берген ақын. Осы себептен Мағжанды түркияның халқы қатты құрметтейді. Мағжанды біздің ұлттық қозғалыс ақындармызбен салыстырмалы зерттеу керек. 

Рейхан Дадашева, Азербайжан мемлекеттік университетінің оқытушысы:

- Әзірбайжанда Мағжанның есімі 2009 жылдан бастап атала бастады. Зерттеушіміз Али Шамиль «Түркішілдіктің құрбандары» атты еңбек жазды. Осы кітапта да Мағжан туралы тың деректер бар. Сондықтан біздің елде ұлы тұлғаны жақсы таниды.

Сарытомар ауылы маңында ақшаңған киіз үйлер тігілді. Театр актерлары ұлы ақынның өмір жолын сахналады. Ән-күйден шашу шашылып, аламан бәйге өтті. Балуандар белдесті. Сондай-ақ бес елдің ақындары қатысқан халықаралық айтыстың финалы осында ұйымдастырылды.

Шұғайып Сезімхан, айтыскер, ақын:

- Қазақ әдебиетінің бағдаршамы. Ол кісінің өмірі де, өлеңі де ерекше бөлек. Соны керемет тойлап жатыр. Мынау Қызылжардағы қазақтар ат төбеліндей аз ғана болса да, бойындағы керемет рұхтың бар екендігін көрсетіп жатыр. Бұл менің айтыста алып жатқан екінші көлігім.

Ақық ақынның 130 жылдығына арналған шаралар жыл соңына дейін  жалғасады. Сәтін салса қайраткердің мерейтойы қараша айында Түркия елінде де аталып өтіледі деген жоспар бар.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков