Бурабайда туристік полицияның жұмысы қызды

Ақмола облысындағы курорттық аймақтарда демалушылар санының күрт өсуіне байланысты туристік полицияның жұмысы қызды.

Зеренді және Бурабай аудандарында арнайы қызмет құрылды. 10 сақшыдан тұратын жасақ демалушы жұрттың қауіпсіздігін қадағалайды.

Бұл Бурабайдағы қазіргі көрініс. Демалып жүрген адам көп. Курорттық аймаққа тек Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелден де туристер келеді. Бір айдың өзінде орташа есеппен 200 мыңнан астам адам демалады. Ал, олардың қауіпсіздігіне  арнайы құрылған туристік полиция жауапты. 

Әділхан Кәрімов, туристік полиция инспекторы:

- Туристік полицияның басты міндеті шетелден келген қонақтардың, жалпы туристердің қауіпсіздігін қорғау. Олардың қызықтырған сұрақтарына ақпараттар беру. Бірінші медициналық көмек көрсету. 

Туристік полиция, әдеттегі сақшы секілді туристерді жазалап, тәртіпке салу үшін емес, оларға жол көрсетіп, қылмыстың алдын алу үшін жасақталған. Жалпы жыл басынан бері 30-дан астам демалушыға түрлі бағыттағы көмек көрсетілді. 

Аслан Қызбикенов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Өткен жылдар ішінде бізде шетелдік азаматтарға қатысты бірде-бір қылмыс іс тіркелген жоқ. Туристердің тарапынан да құқықбұзушылық анықталмады. Сондай-ақ қызметкерлерге екі электромобиль сатып алынды. Біреуі Щучинск қаласында, екіншісі Зеренді ауданына берілді. 

Жалпы былтыр аймаққа 1 миллион 100 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткіш бір миллион екі жүз мыңға дейін жетеді дейді мамандар. Сондықтан туристік полицияға жүктелген міндет көбеймесе, азаяр емес. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко