БҚО-да Киров-Шежін каналын жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады

Бұл кешенді жоба Жайық өзенінің оң жақ бетінде орналасқан аудандарды сумен қамтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар санитарлық-экологиялық мақсатта Ресейден ақылы алынатын суға тәуелділікті азайтады, - дейді мамандар.

Соңғы 5 жылда аймақтың оңтүстік-батысындағы аудандар тіршілік нәрінен әбден тарыққан. Канал түгілі өзен-көлдердің біразы кеуіп кетті. Ал биыл су мол келіп, ирригациялық жүйелерге қайта жан бітіп жатыр. Енді осы суды тиімді пайдалану үшін каналдарды күтіп ұстау маңызды болып тұр.

Нұрлыбай Жолдыбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Дөңгелек су қоймасынан 3 бағытқа құлайды су. Бір бағыты Тайпаққа, бір бағыты Жаңақалаға кетеді, үшінші бағыты – бізге. Ал біздің жаққа кететін бағыт – қолдан жасалған канал. Су толық болса, бізге қарай құлайды да, су азайғаннан кейін, күзге қарата су азайып кеткен кезде судың бізге қарай шығуы өте қиындық әкеліп, судың айқайы былтыр жиі-жиі болып тұрды.

Дәл осы аудандарды сумен тұрақты қамту мақсатында 2011 жылы Киров-Шежін каналын жаңғырту жобасы басталды. 180 шақырымға созылатын жүйе 3 кезең бойынша қайта қалпына келтірілді. Соңғы кезеңі – Жайықтың жағалауына сорғы стансасын орнату. Өзеннен каналға түсетін су төмендеген кезде осы құрылғы ағысты күшейтеді. Төрт кезеңді қоса алғанда жобаға 7 млрд-тан астам теңге жұмсалған.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК ОФ директорының м. а.:

- 2019-2020 жылдары жүйеге судың кіруі жаз айларында 2-3 кубқа дейін түсіп кеткен болатын. Сондай деңгейге дейін түсіп кеткен кезде мына сорғымен суды 13 кубқа дейін жеткізіп судың кіруін кепілді түрде қамтамасыз ететін боламыз. Олар – Ақжайық, Тасқала, Жаңақала, Қазталов және Бәйтерек аудандарының аумақтары. Барлық инфраструкталық жұмыстары толық бітті. Қазіргі уақытта сорғы стансасының «пусконаладочные» жұмыстары жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Қарақұдық каналының түбі қазылып жатыр. Бұл су жүйесінің бойында Жаңақала ауданының 28 шаруа қожалығы орналасқан.

Назарбай Жазықбаев, экскаваторшы:

- Бізге берілген 24 шақырым. Соның қазір 15 шақырымын өттік. Алла қосса, енді 15 күнде бітіріп қаламыз деген ойда бар. Күніне біз кемінде 600-700 метрден әрқайсымыз өтіп жатырмыз. Күн ыстық болса да, қазып жатырмыз.

Облыстағы ең ірі гидронысандардың бірі Киров су қоймасы да жаңғыртылып жатыр. Оның сыйымдылығы – 63 млн текше метр. Гидронысан өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілсе, содан бері толық жөндеу көрмеген. Оны жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп отыр. 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.