Жамбыл облысында қуаңшылықтан инвестициялық жоба жүзеге аспады

Жамбыл облысында 400 мың еуро жұмсалған инвестициялық жоба жүзеге аспай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испаниялық агрономдар мен жергілікті шаруалардың бірлескен жобасының аяқсыз қалуына суармалы су тапшылығы себеп.

Былтыр испандық мамандар Қордай ауданының жеріне қызығушылық танытып, инвестициялық жобаны қолға алған. Сөйтіп, Сарыбұлақ ауылының маңындағы 130 гектарға күнбағыс екті. Бірегей жоба еліміздің оңтүстік аймағында алғаш рет қолға алынған еді. Жоба мақсаты майлы дақыл тұқымын оңтүстік аймаққа жерсіндіріп, ел нарығын өзіміздің тұқыммен қамтамасыз ету еді. Бірақ қуаңшылық салдарынан жүзеге аспай қалды.

Евгений Трубников, шаруа қожалығының басшысы:

- Біз тұқым егу кезінде барлық технологиялық процесті дұрыс жасадық. Бірақ суармалы су соңғы бір айда мүлдем келмеді. Салдарынан еңбек текке кетті. Дәл қазір қанша суарсақ та, егісті сақтап қалу мүмкін емес. Екі учаскедегі күнбағыстың шығыны 150 миллион теңгені құрап отыр.

Суармалы су тапшылығынан зардап шеккен Қордайлық шаруалардың саны 400-ге жуықтады. Қазір диқандар дала жұмыстарына кеткен шығынды ақтай алмай қаламыз деп алаңдаулы.

Нұрлан Нармашев, шаруа:

- Жем-шөпке арнап, міне, жүгеріні егіп жатырмыз, жоңышқаны егіп жатырмыз. Жоңыршқамыз түп орманы күйіп кетті. Жоңышқамыздан үміт жоқ. Келесі жыл толық айдаймыз. Тағы 1,2 жыл шөпсіз тағы отырамыз. Сондықтан біз мал шаруашылығымен толықтай. Сойып бір нәрсе қылып құтыламыз. Себебі қыстан шығара алмаймыз.

Қордай ауданына қырғыз тарапынан жылда секундына 14 текше метр су келетін. Биыл бұл көлем 6 текше метрге дейін азайып кеткен. Салдарынан аудандағы 5800 гектар алқап қурап жатыр. Алдағы уақытта оның көлемі артуы мүмкін, - дейді аудан әкімі.

Бекзат Болатбеков, Қордай ауданының әкімі:

- Біз басында 2 округ деп айтқанбыз. Бірақ қазір Бетқайнар ауылы да қосылып жатыр, Степной ауылы да қосылып жатыр. Үкімет тарапынан 4 министрліктен комиссия келді. Біз бұл жағдайды жеткіздік Үкімет басшысына. Енді біз нақты шешім күтіп отырмыз. Қалай шешім шығады. Сол кезде біз нақты ақпарат береміз. Төтенше жағдай жариялаймыз ба, жарияламаймыз ба деген.

Аудан әкімдігінің өкілдері аймақтағы су мәселесі су қоймаларын салу арқылы шешіледі дейді. Бұл мәселе 2011 жылдан бері көтеріліп келеді. Биыл бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлініпті. 

Жұлдызбек Бақаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

- Ұсыныс берілген хаттар жазылған. Жылда жазылады хат министрлікке. Оның шешімін енді биылға ғана жаңағы 50 миллион қаражат қарастырылып отыр ғой. Жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып жатыр бүгінгі таңда. Аяқталу мерзімі қараша айында. Осы жұмыстар аяқталса, жоғары жақтан Үкіметтен қаражат бөлінетін жағдай болса су қоймасын салуға. Біз осының 30-40%-ін қырғызға тәуелділігімізді жоямыз деп айтар едім.

Айта кетерлігі, аймақта төтенше жағадай жарияланса, шаруалардың шығыны өтеледі. Қазір ауданнан құрылған комиссия сол қураған алқаптарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.