Парашютпен секіру: биыл елде 6 оқыс оқиға тіркелді

Елде парашютпен секіруге қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экстрималды спортқа кәсіпқойлардың ғана емес, уақытын қызықты өткізгісі келетін жастардың да сұранысы жоғары. Құнын төлесе, кез келген адам көкке көтеріліп, аспанда қалғи алады. Тек осы орталықтардың қауіпсізідігіне сұрақ көп.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл – елордадағы парашютпен секіру спортын ұйымдастыратын жалғыз орталық. Астаналық әуесқойлар алдымен мына ұшақпен көкке көтеріледі. Олар жүзеген метр биіктікке ұшады. Сосын мына тұрған алаңға келіп қонуы керек. Мамандар бұл спортты қауіпсіз деп сендіреді. Бірақ бірнеше күн бұрын парашютпен секірген бір кісі дәл осы алаңда қаза тапты.

30 шілде. Бала күнгі арманын орындап, парашютпен секіруге талпынған 58 жастағы ер азамат жерге құлады. Жамбас сүйегі сынып, ауруханада жан тапсырды. Мамандардың айтуынша, ол биіктіктен қону кезінде қателік жіберген. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Андрей Гавриш, Авиациялық спорт федерациясы Астана қалалық филиалының өкілі:

- Қауіпсіздік ережесі бұзылған. Бізде 100 метрден төмен биіктікте бұрылуға тыйым салынады. Көз жұмған ер адам қону кезінде бұрыламын деп жылдамдыққа ие бола алмай қалды. Осының әсерінен ол жерге сәтсіз қонды. Бізде кезекші дәрігер болған жоқ, бірақ алғашқы көмек көрсетуге қажеттінің бәрі бар. Біз дереу жедел жәрдем шақырдық. Алайда арада 1,5 сағат жоғалтып алдық.

Биыл елде дәл осындай 6 оқыс оқиға тіркелді. Бірақ сұраныс күн санап артып келеді. Себебі парашютпен секіру қолжетімді. Бір ғана елордада аптасына орташа есеппен 40 адам парашютпен секіреді. Құны – 30 мың теңге. Жаттықтырушылар ұшу алдында нұсқау көрсетеді. Әрі қарай жауапкершілік тұтынушының өз қолында. Ал бұл қауіпсіз қону үшін жеткілікті ме?

Талғат Сүлейменов, спортшы:

- Әрине, егер парашют ашылмай қалса, жауапкершілік федерацияның мойнына жүктеледі. Бірақ қосалқы парашют бар екенін де ескеру керек. Бұл жай аттракционмен сырғанау емес, қауіпті спорт екенін ұмытпауымыз керек. Жерге қону кезінде біз адамның ойын оқи алмаймыз. Әркім өзін әрқалай ұстайды. Ережелерді барынша сақтау маңызды.

Жалпы бұл кәсіппен ресми акредиттелген федерациялар ғана айналыса алады. Елдегі Авиациялық спорт федерациясының 10 өңірде филиалы жұмыс істейді. 45 секция, 800 спортшы бар. Оларды 35 маман жаттықтырады. Федерация өкілдерінің айтуынша, орталықты жылына бір рет Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ұйымдар тексереді. Бірақ аталмыш ведомство бұл сөзді жоққа шығарды.

Бекболат Байжанов, ҚР МCМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі күні мараторий бар ғой. Біз жеке кәсіпті тексере алмаймыз, біріншіден. Екіншіден, құжатты алатын кезде лицензиялар тапсырылады. Бізде бақылау функциясы жоқ. Федерациясының толық жауапкершілігінде болады. Олар бізден аккредитация алады. Сол жерде өзінің жоспары болу керек.

Министрлік өкілінің сөзінше, бұл кәсіппен тек лицензия алған федерация ғана айналыса алады. Бірақ олар тек теориялық түрде аккредиттеледі. 

Яғни, іс жүзінде инфрақұрылымның жарамдылығына тексеріс болмайды. Ал бұл қауіпсіздікті қаншалықты қамтамасыз етеді? Қайғылы жағдайдан кейін қараша осы сұрақты жиі қоя бастады. Алайда жабуылы қазан жабық күйінде қалып отыр. Өйткені тұрақты тексерісті кім жүргізетіні белгісіз.

Авторлары: Бекзат Аманов, Мейрам Жүнісов, Мұрат Әріпханов.