Ақтауда жер телімдері мемлекетке қайтарылды

Ақтаулық кәсіпкер мемлекетке тиесілі жерді сатып, пайда таппақ болған.

Оның бұл әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әшкереледі. Тұрғын 13 сотық жер телімін 55 миллион теңгеге саудаламақ болды. Қалалық әкімдік екі жыл бұрын «Шығыс-3» шағын ауданында жол салуға арналған жердің бір бөлігін жеке тұлғаға негізсіз берген. Соның негізінде жер ресурстары департаменті сотқа арыз беріп, телімді қайтарып алды. Жалпы Маңғыстау облысында жыл басынан бері 11 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Тағы 10 учаске бойынша іс қаралып жатыр.

Қайрат Бәйгебаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы:

- Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына негізделген жер мәселесі бойынша мониторинг және сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 43 гектарды құрайтын 21 жер телімі негізсіз берілгені анықталды. Бүгінгі таңда нақты 11 жер участогы, нарықтағы құны 1 млрлд теңгеден асатын, сотпен мемлекетке кері қайтарылды.