Биыл БҚО-да 47 ауылға ауызсу желісі жеткізіледі

Оның ішінде шағын елді мекендерге кешенді модульді блоктар орнатылып жатыр.

Бұл жобалар жүзеге асқан соң өңірдегі ауылдық жерлердің таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 95 пайызға жетпек.

Күре жолдың бойында орналасқан Бұлан ауылы шаруашылыққа қолайлы. Мұнда 500-ден астам адам тұрады. Тұрғындар төрт түлікті түлетіп отыр. Инфрақұрылым біртіндеп жақсарып келеді. Енді ауызсу мәселесі ғана қолайсыздық тудырып тұр. Ауылдық ағайын тіршілік нәрін орталықтандырылған құдықтан тасиды. Тариф ай сайын жан басына 50 теңгеден. Әйткенмен судың сапасы көңіл көншітпейді екен.

Қымбат Ғалиева, Бұлан ауылының тұрғыны:

- Суды осы құдықтан аламыз. Кей уақытта қап-қара болып, лайланып кетеді. Кей уақытта жақсы болады. Қыста қиын, иә. Қыста болмай қалады кей уақытта. Жымпитыдан алып келеді.

Бұлан ауылына су құбырын тарту жұмыстары былтыр басталды. Бұл бағытта бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Жоба аясында іргедегі Жамбыл елді мекеніне де сапалы ауызсу жеткізіледі. Құрылыс әлі жалғасып жатыр. Мердігер компания өкілдері тиісті жұмыстардың күзге дейін аяқталатынын айтты.

Асқар Сейсенғалиев, мердігер компания өкілі:

- Басты қазу жұмыстарының бәрі біткен. Тек қазу жағынан газ переходымыз бар үлкен, сол линиядан өтсек болды водоводқа. Ауылдың іштері 85 пайызға дайын. Құдықтардың бәрі қойылған. Су Жымпиты деген жерден тартылған. 22 км жерде действующий водоводқа қосыламыз. Основной скважина сол жерде.

Аймақта 416 ауыл бар. Олардың ауызсу желісімен қамтылу деңгейі 92 пайыз болып тұр. Дәл қазір тағы 47 ауылға тіршілік нәрін жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Оған 6,3 млрд теңге жұмсалған. Алақандай ауылдарға кешенді модульді блоктар орнатыла бастады. Облыста жыл соңына дейін дәл осындай 15 елді мекенге гидроқұрылғы қойылады.

Нүркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда сол 15 модульді блоктың алтауы уже орнатылды. Енді қалған тоғызын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Әлі сумен қамтитын нысандарымыз көп. Қазіргі кезде министрлікке бюджеттік өтінімдер жолдап жатырмыз. Сол қаражат қарастырылғаннан кейін әрі қарай жұмыстана беретін боламыз.

Облыста ауызсу желісімен қамтылған елді мекендер үлесі жыл соңына дейін 95 пайызға жетеді. «Ал қалған ауылдар 2025 жылға дейін толық қамтылады», - дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов