Маңғыстау облысында жылыту маусымына дайындық пысықталды

Маңғыстау облысында газбен жабдықтаушы мекемелер алдағы жылыту маусымына дайындығын пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл сәуірде Ақтаудың іргесінде жоғары қысымды жерасты газ құбырының құрылысы аяқталып, 60 шақырымдық желі Құрық ауылын «Сарша» жерімен және «Жылы жағажай» демалыс аймағымен байланыстырған еді. Жоба Президент тапсырмасына орай қысқа мерзімде жүзеге асты.

Газ құбыры «Жылы жағажайды» ғана емес, облыс орталығын да көгілдір  отынмен қамтамасыз етеді. Тамара Маткаримова 2021 жылы Каспий жағалауында бой көтерген тұрғын үй алабында тұрады. Енді қуанышында шек жоқ. Айтуынша, бұған дейін жазда ас пісіруге газ баллон қолданған. Күн суыта жылы пәтерге көшіп отырған. Енді алғаш рет осында қыстап шықпақшы.

Тамара Маткаримова, қала тұрғыны:

- Жазда келіп, қазан болмай кететін едік. Себебі газ проблема болды бізде. Осы жерде жанғанымен, басқа жерде жылу жүйесі жоқ еді. Қазір барлық жерде газ болған соң, шүкір, қуанып жатырмыз. 2 жылдан асты біздің келгенімізге, газ болған жоқ. Баллон қолдандық.

«Сарша» құбырын тартуға «QazaqGaz» ұлттық компаниясы 31 млрд теңге инвестиция құйды. Жоба теңіз жиегіндегі елді мекендер, ауылшаруашылық және туристік нысандарды газбен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Маңғыстауға келетін турист санының артуына оң септігін тигізеді. Бүгін құбыр бойындағы газ тарату торабы жұмысымен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов танысты. Газ мамандарының алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы есебін тыңдады.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» басқарма төрағасы:

- Тұтынушыларды біз газбен үздіксіз қамтамасыз ету керекпіз. Сондықтан бұл – 8 айда салынған үлкен нысан. Осы жылдың ортасында тапсырдық. Маңғыстау облысында көптеген инвестициялық жобалар жүріп жатыр. Айта кетсек, «Жаңаөзен-Бейнеу» құбырының 2-ші тармағы, 180 млрд теңге «QazaqGaz» ұлттық компаниясы өз қаржысынан бөліп жатыр. Бұл –  Маңғыстау өңірінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үлкен газ құбыры. Белгілеген кестеден алда келе жатырмыз, бұйырса, қазан айында тапсырамыз.

Бір ғана «Жылы жағажай» курорт аймағы сағатына 20 мың текше метрдей газ тұтынады. Келешек осы жерде салынатын су тұщыту зауыты сағатына 21 мың текше метр газ жағып, 50 мың текше метр су шығаруы жоспарланған. Сондай-ақ Қарақия мен Мұнайлы ауданында шаруа қожалықтарға сағатына қосымша 36,5 мың текше метр газ беріледі. Фермерлер сұранысы құбырдың газ өткізу қабілеттілігі жоспарына енгізілген. Осылайша, «QazaqGaz» салған  жаңа құбыр шағын және орта бизнестің дамуына да тың серпін бермек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.