Жамбыл облысында ауыл жолдары біртіндеп жөнделіп жатыр

Былтыр «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 74 жоба іске асты.

Ал биыл 215 жоба қолға алынды. Ауылішілік жолдары жаңарып жатқан аудандардың бірі Байзақ ауданы.

Түймекент ауылының тұрғыны Нұрсұлу Есенбаева 50 жылдан бері жолдың машақатын тартып келе жатқанын айтады. Әсіресе мұндағы жұртқа көктем мен күзде қиын.

Нұрсұлу Есенбаева, Түймекент ауылының тұрғыны:

- Жол жоқ кезде мынау балаларымызға өте қатты қиын болды. Асфальт жоқ, жер құм мысалы үшін. Ауылдық жер ғой балам. Енді ауылдық жерде мектепке бару үшін үсті басы лас болып баратын мектепке. Такси жоқ. Бұл жаққа такси келмейді.

Ауыл тұрғындарының жылдар бойғы мәселесі биыл шешіледі. Елді мекендегі 22 көшеге асфальт жабыны төселіп жатыр.

Мерей Бает, тілші:

- Түймекент ауылында жалпы 28 көше бар. Оның алтауында бұған дейін асфальт болған. Енді міне биыл бюджеттен 400 млн теңге бөлініп қалған көшелер осындай тақтайдай тегіс күйге енбек. Ал бұған ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

Сәрсенкүл Ақыбаева, Түймекент ауылының тұрғыны:

- Міне жаңа жолдың табанын бала-шағаларымыз басып ойнап асыр сап кешелі бері той болып жатыр көшемізде. Көше-көшеін жаңартып ауыл жаңарып қаладағыдай қалпы болып жатыр, жақсы болып жатыр. Жақсылығы көп енді.

Мердігер компания жол төсеу жұмыстарын қазан айына дейін бітірмек. Қазір мұнда 20-ға жуық техника  жұмыс істеп жатыр.

Қанат Смағұлов, Түймекент ауылдық округінің әкімі:

- 2020 жылы Қарлығаш балабақшасын күрделі жөндеуден өткізген болсақ, 2021 жылы Түймекент орта мектебі, 2022 де амбулаториямыз салынды. Түймекент спорт кешені және де Сейфуллин орта мектебі салынып мемлекеттік мекемелердің барлығын күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін бізде тек қана қалған проблема осы жол болған. Аллаға шүкір биыл ауылымыздың барлық көшелері екі елді мекен 100 пайыз асфальт болады.

Биыл Байзақ ауданында ауылішілік 80 көше жөнделіп жатыр. Оған жергілікті және республикалық қазынадан 1,2 млрд теңге бөлінді. Айта кетерлігі ауданда 6 ауылды аудан орталығымен байланыстыратын тас жолға орташа жөндеу жасалуда. Жалпы Жамбыл облысында биыл 800 шақырымға жуық жол жөнделеді. Мамандардың мәліметінше, жол жөндеу жұмыстарына 24,7 миллиард теңге қаралған.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә