Елімізде жылу нысандарындағы қысқа дайындық қарқынды жүріп жатыр

Риддер жылу энергетикалық орталығындағы барлық қазандыққа жөнделіп жатыр.

Апат қаупі жоғары Екібастұз, Жезқазған, Шахтинск, Кентау, Степногор жылу нысандарында да жоспарлы жөндеу түрлі деңгейде орындалды.

Ал жылу беру маусымына бірер ай ғана қалды. Бірақ кейбір нысандардың дайындығы бәсең. Бірқатар аймақта жоспарланған жөндеу жұмыстары орындалу мерзімінен кешігіп жатыр. Жылыту кезеңіне дайындық мәселесі Үкімет отырысында қаралып, жауапты ведомство өкілдері қазіргі жағдайды баяндады.

Биыл 10 жылу беру нысанын, 49 қазандық пен 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Энергетика министрлігі бүгінде 3 энергоблок, 13 қазандық пен 11 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Тағы 4 жылу нысаны мен 24 қазандық, 15 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда, бірқатар нысанның жөндеу мерзімі кестеге сай емес. Вице-министр тәуекел аймағындағы энергетикалық кәсіпорындарды атады.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі /Астана/:

- Риддер қаласында барлық 6 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет резервінен ақша бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жеделдету қажет деп санаймыз. Жезқазған жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеуді жеделдету сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса МАЭК-2 жылу орталығында турбинаны жөндеу жұмыстары кешігіп келе жатыр. Және де екінші энергоблоктың жөндеу жұмыстары қараша айына дейін созылып жатыр.

Елдегі жылу өндіретін ұйымдардың газға берешегі 13 млрд теңгеге жеткен. Жылу электр орталықтарының көмір жеткізуші компания алдындағы борышы 6 жарым млрд теңгеге жуық. Әлихан Смайылов мұндай үлкен қарызбен жаңа жылыту маусымын бастау дұрыс емес, деді. Аймақ басшыларына мәселені дереу шешуді тапсырды. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Жылыту маусымының басталуына 1 айдан астам уақыт қалды. Жалпы дайындық жұмыстары белсенді жүруде. Жылудың дер кезінде берілуін қамтамасыз ету керек. Жүйелі кооператор кегок компаниясы жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда бұл кестеден кешігу байқалып отыр кейбір өңірлерде. Кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері орын алуда. Сондықтан, қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін.

Көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу керек.  Өңір әкімдіктеріне 2 апта мерзімде қатты отын өткізу орындарының жағдайын тексеру жүктелді. Биыл ел бойынша көмірге қажеттілік көлемі 9 млн тоннадан асады.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Министрлік бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдері бар іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдады. Соңғы 7 айда 61 млн 700 мың тонна көмір өндірілді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 3 млн 900 мыңға жуық тонна көмір жіберілді. Әлеуметтік көмірдің шетке кетуін болдырмау мақсатында, министрлік көмірді автомобиль көлігімен тасымалдауға шектеу орнатты.

Қазір білім беру, денсаулық сақтау нысандарының жылыту маусымына дайындығы 88 пайыз. 37 мыңнан аса көп қабатты үй қыс мезгіліне дайындықты аяқтады. Сондай-ақ Астана қаласындағы үшінші жылу электр орталығы мен екі  газ-турбиналық станцияны биылғы маусымда іске қосу жоспарланған. Энергетика министрлігінің өкілдері аталған олқылықтарға қарамастан жылыту кезеңіне дайындық уақытылы аяқталады деп сендірді. Үкімет резервінен осы мақсатта бөлінген қаражатта уақытылы игерілуі тиіс.