Түркістанның Жолбасшы ауылында мектепті жөндеу ұзаққа созылып барады

Түркістан облысында күрделі жөндеуден өткен мектептің қасбеті қайта бүлінді.

Соның салдарынан Келес ауданындағы жаңа нысан 5 айдан бері қаңырап бос тұр. Ал қайтадан басталған құрылыс жұмыстары тым созылып барады. Ата-аналар құрылыс аяқсыз қалмай, балалар тезірек жаңа мектепке барса деп алаңдайды.

Жолбасшы ауылындағы 300 орындық жалғыз мектепте алты жүзге жуық бала оқиды. Сол себепті аталған білім ошағының жанындағы қосымша ғимарат күрделі жөндеу жасалған еді. Нысан заманауи сәулет талаптарына сай келсе бастауыш сыныптың жүздеген оқушысы сонда оқуы тиіс болған. Алайда 5 ай бұрын құрылыс мерзімі аяқталғанымен пайдалануға берілмей тұр. 

Мәккәм Ермекбаев, Жолбасшы ауылының тұрғыны:

- Біз кіре алмай жатырмыз ғой. Соған көңіліміз толмай отыр. Мына 300 орындыққа бала сыймайды. 580 бала оқиды. Арзымайтын кемшіліктері қалған. Рақмет мемлекетке осыншалықты істеп берді. Бірақ ақырына келген кезде 31 желтоқсан 4 айдан бері аша алмай отырмыз.

Мектептің мерзімінде тапсырылмауынан оқушылар 2 ауысымдық кестемен білім алып жатыр. Бұл күн батқанда үйлеріне қайтатын ауыл балаларына аса қиын, дейді тұрғындар. Себебі 2,5 шақырым болатын облыстық маңыздағы жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі қарастырылмаған. Сонымен қатар көше бойына жарық шамдар орнатылмаған. Ал ата-ана көңілі алаң. 

Тасболат Әріпов, жолбасшы ауылының тұрғыны:

- Балаларды кейбір әке-шешелері, біз немерелерімізді жетектеп әкеп-кетеміз осы жерге. Неге десеңіз жол тар, машина көп жүреді. Әйтеуір жол апаты бомасын, басқа болмасын деп балалардың тыныштығын ойлаймыз. Әкімшілікке, басқаға ауылымыздың биі айтып жатыр бәріне. Болады-болады деумен келе жатыр ғой.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған қосымша ғимаратты қайта жаңғыртуға бюджеттен 56 миллион теңге бөлінген. Жоба бойынша нысанның қабырғалары сыланып, едені толық ауыстырылған. Ішкі электр желілері мен жылу жүйесі жаңартылды. Алайда құрылыс нысанын тапсыру мерзімі аяқталғанда қасбеті бүлініп, сызат түскен. Сондықтан білім бөлімінің өкілдері құрылыстың кем-кетігін жоюға уақыт берілгенін айтады. 

Насыр Сманов, Келес аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Сөз туындамау үшін жылы кезде бізге жасап, істеп бересіз деп кепілдік хатын алдық. Сонымен қоса бұлардың кепілдік уақыттары да бар. 3 жылға дейін келіп істеп беретіндей. Біз келісімге келдік осы жұмыстарды жүргізіп бермеген жағдайда сотқа жүгінетінімізді ескертіп, хат бергенбіз.

Құрылыс компаниясы өкілдерінің хабарлауынша туындаған мәселеге жобалау-сметалық құжаттаманың дұрыс жасалмауы себеп. Яғни нысанның беріктігін сақтайтын іргетасын нағайту жұмыстары ескерілмеген. Мердігер мекеме кеткен кемшіліктерді түзетіп, нысан құрылысын алдағы оқу жылына дейін толық аяқтаймыз деп сендіріп отыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы