Қоршаған ортаға таралатын қалдық азаяды

Ел аумағында қоршаған ортаға таралатын зиянды заттардың 21 проценті Қарағанды облысына тиесілі.

Жыл сайын аймақтағы жүздеген кәсіпорыннан 480 мың тоннадан астам қалдық ауаға таралады. Бұл жайында тұрғындармен кездескен экология вице-министрі мәлімдеді. Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, аймақтағы үш бірдей алпауыт зауытта «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Енді 2025 жылға дейін Теміртаудағы металлургиялық комбинат қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдық мөлшерін 60 процентке, ал Балқаштағы мыс қорыту зауыты 44 процентке және Қарағандыдағы жылу энергия орталығы 10 процентке азайтуы тиіс. «Оның орындалуы қатаң бақылауда болады», - деді министрлік өкілі.

Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Арселор бойынша жаздың басынан бастап 16 тамызға дейін бір үлкен тексеріс өткен. 56 адам қатысқан, 36 мемлекеттік бақылау бөлімінің мүшелері, 20 адам халықаралық компания мүшелері. Негізі 16 тамыз күні екінші фаза бітті. Енді үшінші фазаға біз өттік. Енді үшінші фаза бойынша бүкіл алған информацияға камералық өңдеу болады. Сол бойынша ең аяғында шешім қабылдаймыз.