Қазақстанда сейсмикалық қауіпті 9 өңір бар

Жіліктеп айтсақ, Алматы мен Шымкент қалалары, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары.

Бүгін «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында осы сейсмикалық қауіпті өңірлердің тұрғындарымен арнайы жаттығулар өтті. Оның барысында көпшілікке қатты жер сілкінісі кезінде өзін қалай ұстау керектігі түсіндірілді. Қауіпсіз орынды анықтап, оған қалай бару қажеттігі пысықталды. Оған қоса зардап шеккендерді қабылдау пункттеріне әкелу сияқты іс-әрекеттер іс жүзінде орындалды.

Жанна Дәуренбекова, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Негізгі мақсаты – халыққа осындай жойқын жер сілкінісі кезінде дұрыс мінез-құлық ережелерін үйрету. Біріншіден, біз эвакуациялау пункттерін көрсетіп жатырмыз. Жер сілкінісі кезінде қалай жүру керек екендігін, қауіпсіз орындарды қалай анықтау керектігін және қауіпсіз жерлерге бару маршруттарын түсіндіреміз.