«Жер-2023» оқу-жаттығуы аяқталды

Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.

Мегаполисте жылына  200-ге дейін білінбейтін жерасты дүмпулері болып тұрады. 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим болып саналады. Сеймологиялық институт мамандарының болжамы бойынша жыл соңына дейін 6 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды. Десе де, сақтық та қорлық жоқ. Осыған орай жер сілкінісіне  дайындық шараларын пысықтау мақсатында  Алматыда «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Шара екі күнге жалғасты. Алғашқы күні  көпшілікке зілзала  бола қалған жағдайда  өзін қалай ұстау керектігі түсіндірілді. Ал, екінші күні жедел штаб құрылды.  Ол жерде жылжымалы басқару пунктерінің техникалық мүмкіндіктері,  зардап шеккен тұрғындарға арналған  лагерь мен госпиталь жұмыс істеді.  Оған қоса,  халыққа қызмет көрсету орталығы мен гуманитарлық көмек қабылдау пункті көрсетілді.  Жаттығу аяқталған соң оған  талдау жүргізіліп, апаттық-құтқару құрылымдардың дайындығына баға беріледі. Бұл  азаматтық қорғауды  жетілдірудің басым бағыттарын айқындайды.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: 

- Алтын сағат деген бізде формулировка бар. Бізде бір сағаттың ішінде дереу көмек көрсеткенде, көбірек адамдарды құтқара аламыз. Сол мерзімге тырысуымыз керек. Ең бірінші біздің міндетіміз алдын алу. Алдын алудың ішінде халықты үйретсек. Бір бағытымыз бар қауіпсіздік мәдениеті  осының бәрін халыққа жеткізіп насихаттап, сөйтіп алдын алу жұмыстары жақсы атқарылады деп отырмыз.