Такси сервистері жүргізушілерінің қатысуымен жол апаты жиі болып тұрады

Елде жыл басынан бері 8 мыңнан астам көлік апаты тіркелді.

1468 адам опат болған. 10 мыңнан астамы жарақат алды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Жол қауіпсіздігі жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің отырысында мәлімдеді.

Енді осындай апаттардың алдын алуға бола ма? Мамандар не дейді? Жиында қандай ұсыныстар айтылды?!

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Жол-көлік оқиғаларының көбі шаршағаннан, ұйқының қанбағанынан орын алады, дейді мамандар. Мәселен, Астанада "Сергек" бейнекамералары анықтағандай, 40 мың жүргізуші 9 сағаттан артық рульде отырады екен. Мұның арты оқыс оқиғаларға алып келетіні сөзсіз.

Күн сайын 9-10 сағат рульде отырып, онлайн-такси қосымшалары арқылы жолаушы таситын жүргізушілер үнемі асығыс. Сол үшін жылдамдықты шамадан тыс асырады. 

Сәбит Нұрлыбай, ҚР Бас прокуратурасы комитетінің төрағасы:

- Биыл 6 айдың ішінде "Индрайвер" және "Яндекс такси" жүргізушілері 552 жол-көлік апатына себепші болған. Салдарынан 472 адам зардап шегіп, 77 адам көз жұмды. Мәселен, маусым айында Ақтөбе облысында жоғарыда айтылған таксилердің біріне отырған 4 мұғалім тіл тартпай кетті. Жалпы биылдыққа дәл сол учаскеде 10 апат болып, 12 адам ажал құшты. 

Енді апат жиі болатын жол учаскелерін қауіпті деп танып, жылдамдықты шектейтін жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізіледі. 

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

-  Жалпы апаттылықтың төмендеуіне қарамастан, бірқатар өңірде оның ішінде Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апаттылықтың деңгейі жоғары болып қалуда. Бұл өңірлерге ел бойынша барлық жол-көлік оқиғаларының 51 пайызы, жарақат алғандардың 49 пайызы және қаза тапқандардың 45 пайызы тиесілі. 

Министрлік ұсынған статистикаға сүйенсек, биыл 8 ай ішінде өлім-жітім сәл де болса азайған. Ал былтыр осы мезгілде 9 мың 429 көлік апатқа ұшыраған. Салдарынан 1 478 адам опат болып, 12 мыңнан астам адам жарақат алған. 

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 189 бала көз жұмды. Елде 1700 балабақша мен мектептер және іргелес орналасқан нысандар жол қауіпсіздігі талаптарына сай емес. Мәселен, балабақша немесе мектеп орналасқаны туралы алдын ала ескертетін белгілер мен жасанды кедергілер аз. 

Электр самокат жүргізушілеріне қатысты заң күшейтілгелі 1 ай өтті. Бірақ заң бұзуышылар аз емес. Осы бір айда 1400-ге жуық апат тіркелді. Заң бұзушылардың көбі кәмелетке толмағандар мен жүргізуші куәлігі жоқтар. 

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Мектептер мен мектепге дейінгі мекемелердің жанында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 7 мыңға жуық жол белгілері ауыстырылып, қайта орнатылды. 5 мың метрден астам жарықтандырумен жабдықталды. Республика бойынша 4,5 мыңнан астам мектеп жолаушыларға арналған жолақтармен қамтылды. 

Жалпы жыл басынан бері көліктердің техникалық жағдайын іс жүзінде тексермей жалған құжат дайындаған 350 станция жабылды. Жиынға қатысушылар, сондай-ақ автомектептерге мемлекеттік бақылау жүргізуді ұсынды. Түлектері көп ереже бұзатын мекемелерді лицензиясынан айыру қажеттігі айтылып, жолдардың 21 пайызын мобильді интернетпен қамту мәсеелесі көтерілді. Сонымен бірге Ұлытау, Павлодар, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында тәулік бойы автоматты түрде бейнебақылау жүргізетін камералардың аздығы және олардың санын 100-ден асыру керектігі сөз болды.

Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев