Астанада коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшірілді. Елорданы ақ ұлпадан тазартуға 860 техника мен 2 мыңнан аса жұмысшы жұмылдырылған. Қыс басталғалы 3 млн 155 мың текше метр қар шығарылды. Мамандар «техникадан тапшылық жоқ», - дейді. Былтырғымен салыстырғанда олардың саны екі есе көбейген. Әкімдіктің мәліметінше су тасқынынан қатер аз. Қауіпті аумақтар өткен жылдармен салыстырғанда 21-ге кеміген. Қазіргі таңда арықтар тазартылып, коммуналдық қызмет екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Бағжан Сабденов, Сарыарқа ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы: - Бірінші ауысым сағат 06:30-дан 16:30-ға дейін, екінші ауысым сағат 20:00-ден таңғы 05:00-ке дейін. Арнайы техниканың саны осы жылы екі есеге артты. Қардың ауқымды жауған кезінде, бірінші орталық көшелер тазаланады және әлеуметтік нысандарға кіру,олардан шығу жолдары тазаланады.