Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді

Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді.

Үш мегаполистен бір тәулік ішінде 1200 адамға арналған дәрі-дәрмек мен шатырлар жиналды. Алғашқы жүк партиясы Ұлттық гвардияның ұшағымен Герат провинциясына бағыт алды. Үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен кинологтар да жолға шықты. Гуманитарлық жүкті жинақтап, үйлестірумен Сыртқы істер министрлігіне бағынышты KazАID ұйымы айналысып жатыр. Сондай-ақ, Үкіметтік комиссияның отырысында теміржол арқылы азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттар жөнелтуге шешім қабылданды.

Серік Нұржан KazAID Қазақстандық Халықаралық даму агенттігінің бас менеджері: 

- Жүктің салмағы шамамен 16 тонна. Онда негізінен шатырлар мен дәрі-дәрмектер бар. Яғни отандық фарм компанияның антипиретикалық сұйықтықтары мен қабынуға қарсы және антибиотиктер тиелді. Сондай-ақ теміржол арқылы да гуманитарлық көмек жіберіледі. Қазір азық-түлік өнімдері жиналып жатыр.