Маңғыстау облысында киберқылмысқа қарсы топ құрылды

Маңғыстау облысында киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы топ құрылды.

Оның құрамында интернет желісі арқылы ұйымдастырылатын заңсыздықтарды зерттейтін тәжірибелі тергеушілер мен жедел уәкілдер бар. Мамандар әлеуметтік желілер мен сайттарда жарияланған жарнамаларды жіті қадағалаумен айналысады. Бүгінде полиция қызметкерлері алаяқтық пен жеке мәліметтерді ұрлаумен байланысты 108 қылмысты қарап жатыр. Өзін жұртқа банк өкілі ретінде таныстыру арқылы олардың есеп-шоты мен ақша аударымы туралы ақпарат сұрау секілді жәйттер өңірде жиі кездеседі. Жыл басынан бері облыста 81 киберқылмыстың беті ашылған.

Алексей Джангабаев, облыстық ПД криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Біздің азаматтарымыздың хабарласқан кісіге сеніп жеке мәліметтерін беріп қойған жайттары да болды. Оны алаяқ тез пайдаланып, 20 млн теңгеден астам несие рәсімдеген және ол есеп-шоттар 5-6 адамға өтіп отырған. Сөйтіп, ең соңында шетел асып, криптоволюта, биткоинға айналып кетеді. Қылмысты ашуға болады, бірақ уақыт қажет.