Ақмола облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі артты

Ақмола облысында тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 пайызға артты.

Табыстың жартысынан астамы тау-кен өндірісіне тиесілі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары өңірде  ірі өндіріс зауыттары көбейіп, мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұланды ауданының ортылығындағы жылу оқшаулау зауыты 2019 жылы ашылған. Ірі өндіріс ошағында жылына 34 мың тонна минералды мақта өндіріледі

Жасұлан Мұхаметжан, жылу оқшаулау зауытының директоры:

- Жоспарымызда өндіріс қуатын жылына 55 мың тоннаға жеткізу көзделген. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Қазіргі уақытта біз өнімдерімізді алыс-жақын шетелдерге және отандық ірі кәсіпорындарға өткіземіз. Экпорттық әлеует 80 пайызға жетеді.

Зауытта 150-ден астам адам еңбек етеді. Қызметкелердің орташа жалақысы – 270 мың теңге.

Манат Мұратбеков, жылу оқшаулау зауытының қызметкері:

- Менің негізгі міндетім химиялық реакцияларды дайындау болып табылады. Оның ішінде, бірінші және екінші реакция, әртүрлі майлы қоспалармен, сульфат пен карбонат бар. Ол минватаның сапасын арттыру үшін қолданылатын іс-шара.

Соңғы он жылда өңірдегі өнеркәсіп саласында оң динамика байқалады. Айталық, шығарылған өнім алдымен отандық нарыққа жол тартады. Бәсекеге қабілетті болған жағдай алыс-жақын шетелдерге эскпортталады.

Жаслан Айдрахманов, кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің облыс 100 пайыз теміржол мойынтіректерін, 84 пайыз мамандандырылған автомобильдер, 59 пайыз алтын және 49 пайыз астық жинайтын комбайндар шығарады. Яғни, жүк көліктерінің үштен бір бөлігі Ақмола облысында құрастырылады. Сондай-ақ, керамикалық кірпіш өндірісі де қарқынды.

Жыл басынан бері облыста 163 миллиард теңгеге 70 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында тағы 170-тен астам жоба жыл соңында аяқталады деп жоспарланған. 

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка