Ақмола облысында егін орағы аяқталуға жақын

Аймақ диқандары ауа райы құбылмай тұрғанда бар астықты жинап алуға тырысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен өнім көлемі өткен жылғымен салыстырғанда екі есе аз. Қазіргі уақытта егіс алқаптарының 98% орылып, 2,5 миллион тонна ғана астық жиналған.

Тәжірибелі дихан Спиридон Джейранов үшін орақ науқанын ойдағыдай аяқтау оңайға түспегені рас. Өйткені жаздағы құрғақшылық пен күздегі жауын-шашын астықты алқаптарға теріс әсерін тигізді. Былтыр ол гектарына 40 центнерден өнім алса, биыл оның тең жартысын да жинай алмаған. 

Спиридон Джейранов, шаруа:

- Біз биыл гектарына 10 центнерден сәл жоғары өнім алдық. Бұл өте аз. Бағасы да төмен. Қазір бізге ұсынылған бағаға біз көктемде еккенімізді де ақтай алмаймыз. Қазір біздің жинаған бидайымыздың 10-15%-інің сапасы төмен.

Жалпы облыс бойынша жиналған астықтың 65%-і төмен сапада. Тұқымға да жарамсыз. Сондықтан жергілікті шаруалар келер жылғы көктемгі егіс науқанына алаңдап отыр. Ал бидайдың бағасы бірер күнде нақты белгілі болады.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі кезде біз 46% тұқым жинадық. Ол – жауынның алдында жиналған егін. Енді қалғанын ойластырып жатырмыз. Былтырғы, алдыңғы жылғы азық-түлік корпорациясының элеваторларда бидайлары бар. Соның қазір 250 пробасын алып, тұқымға жарайтындығы тексеріліп жатыр. Яғни, кімде тұқым жоқ немесе жетіспейді, соған берілетін болады.

Шығынға батқан шаруаларға мемлекеттен тиісті қолдау көрсетіліп жатыр. Яғни, су болған астықтарын кептіруге Үкіметтен қосымша 20 мың тонна жанар-жағармай мен 1 мың тонна көгілдір отын бөлінді. Сондай-ақ несиелік мерзімдері бір жылға шегерілді.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Аймақтағы егіннің биылғы шығымдылығы экспортқа да айтарылықтай әсер етеді. Мәселен, былтыр қамбаға құйылған 5 млн 200 мың тонна астықтың 2 милиионы 20-ға жуық елге экспортталған. Ал биыл облыс бойынша бас-аяғы  2 млн 700 тонна ғана астық жиналады деген болжам бар.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.