Түркістан облысында «Алтын күз – 2023» жәрмеңкесі өтті

Түркістан облысының Оқсыз қалашығында ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің «Алтын күз – 2023» жәрмеңкесі мен Маяқұм ауылының 100 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара аясында түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ғылыми конференция өтті.

«Алтын күз» – жер емген диқандардың ала жаздайғы еткен еңбегі мен төккен терінің өтелетін күні. 10-нан аса шатыр тігіліп, диқандарың өнімі көрмеге қойылды. Ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылды. Үздік шаруалардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Гүлімжан Мықтыбайқызы, Үздік қызметкер:

- «Үздік қой шаруашылығы» аталымын жеңіп алдық. Менің осы салада жүргеніме 3 жыл болды. 2022 жылғы «Алтын күзде» біз ІІІ орын алған едік. Еңбектері жанып жатқан шаруаларымызды құттықтаймын. 

Соңғы жылдары Оқсызға келетін туристердің саны артты. Сондықтан республикалық ғылыми конференциясы ұйымдастырылып, ұлы ғалым дүниеге келген өңірдің тыныс-тіршілігі таныстырылды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.

Сәкен Сұлтанханов, Отырар ауданының әкімі:

- Оқсыз қаласын біз елге, халыққа насихаттап, Әл-Фарабидің туған жерін таныстыру бойынша және туризм саласын дамыту үшін арнайы осы іс-шараны Оқсызда ұйымдастырып отырмыз. Маяқұм ауылына биыл 100 жыл толып отыр. Сол мерекені бірлесіп тойлап жатқан жайымыз бар.

Мерекелік жиынға облыстың әр аймағынан мыңға жуық адам жиналды. Думанды іс-шара ауыл тұрғындарының да көңілінен шықты. Рухани күш алып, халықтың еңбек адамдарына деген ықыласы артты.

Ақерке Болғанбай, Маяқұм ауылының тұрғыны:

- «Алтын күз» байқауы күшті ұйымдастырылған. Үлкен ас беріліп, 20 қара үй тігілген. Концертте жақсы өтіп жатыр. Барлығы осы халықтың арқасында деп ойлаймыз. Келген қонақтарды жақсы қарсы алып, көкпар, күрес ойындары болып жатыр.

Отырарлық шаруалар биыл 34 мың гектарға бақша, көкөніс, мал азығы дақылдарын еккен. Су тапшылығы болған Қарғалы, Қоғам ауылының диқандары егістікті әртараптандыру үшін 300 гектарға күздік бидай сеуіп, гектарына 35-40 центнерден өнім алған. Жыл қорытындысымен аудан шаруалары 29 млрд теңгенің өнімін өндірді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.