Ұлттық банк KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын таныстырды

Ұлттық банк «Көшпенділер тотемі» сериясынан жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын таныстырды.

Дизайны ерекше монеталарды тек инвестициялық құрал ретінде ғана емес коллекциялауға және сыйлық ретінде ұсынуға да болады. Жаңа және ескі монеталар Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне қойылды. Көрме ұлттық валютаның айналымға шыққанына 30 жыл толуына орайластырылған. 

Ұлттық валютаның айналымға шыққанына биыл 30 жыл толады. Елеулі күнге орай ашылған көрмеге инвестициялық және коллекциялық монеталар қойылған. Мұндағы басты жаңашылдық – KÓKBÓRI инвестициялық монеталары. Бұл осыған дейінгі Altyn BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына Ұлттық банк жасаған ребрендинг. KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» монеталар сериясының стилистикасы қолданылған.

Айжан Машеева, Қазақстан ұлттық банкінің бас маманы:

- 2018 жылы Ұлттық банк «Көкбөрі» коллекциялық монетасының 300 данасын шығарған еді. Нарықта сұраныс артқан соң ребрендинг жасап, инвестициялық монета құйылды. Құнды монетада барлық қауіпсіздік элементтері қамтылған және proof сапада өңделген. Бұл жолы алғаш рет сыйлыққа беруге арналған қаптамада жасалып отыр.

«Жібек жолы» атты алғашқы инвестициялық монета 1996 жылы айналымға шықты. Ал 2009 жылдан бастап «АЛТЫН БАРЫС» және «КҮМІС БАРЫС» инвестициялық монеталары әзірленеді. Көрмеге келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ басқа да бағалы металдардан соғылған 150-ден астам монета түрімен таныса алады.

Алмат Басенов, Қазақстан ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Инвестициялық монеталар – инвестицияның бір түрі. Қазір монетаны Лондон биржасындағы курспен сатып аласыз. Құнды металдардың бағасы тұрақты өсетіндіктен, бірнеше жылдан кейін қымбатқа сата аласыз. Ал шет елдік сарапшылар біздің монеталардың сапасын жоғары бағалап отыр.

Екі күндік экспозицияда ұлттық валюта айналымға енген кезден бері шыққан бірегей монеталар қойылған. Экспонаттар мәдени, саяси және тарихи оқиғаларды қамтиды. Монеталар көрерменге мәдениетімізден, халқымыздың әдет-ғұрпынан сыр шертіп, коллекциялық монеталарға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов