Жетісу облысында балық аулаған браконьерлер ұсталды

Жетісу облысында заңсыз балық аулаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Браконьерлерді ұстау кезінде 51 тоннадан астам балық, 38 атыс және травматикалық қару тәркіленген. Оның ішінде 15 қару еш жерде тіркелмеген болып шықты. Сонымен қоса 11 моторлы қайық, қомақты қаражат пен діни әдебиет табылды. Бұдан бөлек, ұзындығы 80 метрден 120 метрге дейін жететін 210 балық ауы тәркіленді. Келтірілген шығын сомасы 270 млн теңгеден асады. Мәлім болғандай, заңсыз балық аулаған топ 30-дан аса адамнан құралған. Барлығы да  – Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласының тұрғындары. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жеке міндеттері болған. Бірі балық аулауды ұйымдастырса, енді бірі тасымалдаумен айналысқан.  

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:

- Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша қылмыстық топтың барлық қатысушысы полицияға жеткізіліп, олардың төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адамдар тобының ірі көлемде шығын келтіре отырып, заңсыз балық аулау мен қару сақтау фактілері бойынша тергеуді Жетісу облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.