Жаңаарқа ауданында көп балалы отбасылар баспанамен қамтылды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында 800-ден астам адам үй кезегінде тұр.

Олардың көбі ауыл тұрғындары. Сондықтан биылдан бастап шалғай елді мекендерде үй салына бастады. Жыл басынан бері 20 көп балалы отбасы баспанамен қамтылды. Жақында тағы 8 тұрғын үй қолданысқа беріледі.

Жақында ғана баспаналы болған Күлпат Қожахметова жалғызбасты ана. Жиырма жыл бұрын жолдасы өмірден өтіп, балаларын өзі жеткізген. Осыған дейін тұрған шаңырағы апатты деп танылып, тұрғын үй кезегіне жазылған ол көп күтпеді. Бір жылдың ішінде кең сарайдай төрт бөлмелі үйдің иесі атанды.

Күлпат Қожахметова, Бидайық ауылының тұрғыны:

- Көптен күткен қуаныш, үлкен той. толқып тұрмын. көңілімнен шығып жатыр. балаларым қуанып жатыр. «О, мама, мынау қаланың үйі сияқты ғой» деп шашу шашып жатыр.

Жаңаарқа ауданына қарасты ауылдарда биыл жалғызбасты және көп балалы 20 отбасы қоныс тойын тойлады. Жақында тағы 8 отбасыға пәтер кілті   беріледі.   

Мұрат Ибраев, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- 2024 жылды айтатын болсақ, көпбалалы аналарға 46 пәтерді сатып алу жолымен береміз деп жоспарлап отырмыз.бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізудегі мақсат – ауылдық елдімекендерге халықты тұрақтандыру. 

Жалпы Жаңаарқада соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алды.   Аудан орталығы-Атасу кентінде биылдың өзінде 192 пәтерлі көпқабатты 4 үйдің құрылысы басталды.   

Боранбай Оразаев, мердігер ұйымның өкілі:

- Осы биыл плитаның үстін жауып, фундаментерді, келесі жылға дейін материалдарды тасымалдау. Сосын көктемде әріқарай жалғастырып,келесі жылы алла қаласы бітіруді жобалап отырқ. 

Аталған үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Бұдан бөлек баспана тұрғызуға ниетті бірнеше кәсіпкер аудан әкімдігіне өтініш білдірген.  Ол бойынша жер телімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева