Кенесары Ханның Құран кітабы табысталды

Екі ғасырлық тарихы бар Кенесары ханның Құран кітабы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылды.

Құнды жәдігерді Әзірет Сұлтан мұражайына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы табыстады. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен құрылтайда Кенесары ханның Құран кітабы Қазақстанға қайтарылғанын және оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылатынын айтқан болатын. Кенесары ханға құранды туысы Марал Ишан сыйлаған. Марал ишан тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға. Кенесарының сенімді серігі. Кітап 2 ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, шетел асып кеткен. Көне жәдігер меценат азаматтардың көмегімен елге қайтарылды. Онда Марал ишан мен Кенесары ханның мөрі бар. Оны отандық және шетелдік ғалымдар мұқият зерттеп, сараптама жасаған. Құнды мұраның расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталып отыр. Бас мүфти Қасиетті кітаптың Иасауи кесенесіне қойылуы, дәстүрлі дініміздің мәртебесі артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне, ықпал ететініне сенім білдірді.

Наурызбай Қажы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

- Әрине бұл өте үлкен құнды дүние. Кезінде ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесары хан бабамыз Аллаға сенген, мұсылман болғаны, құран оқығандығын осы тарихи сәт бізге көрсетіп отыр. Бұл да біздің Қасым-Жомарт Кемелұлының біздің құнды мұраларымыздың елге келуіне жасаған орасан зор еңбегі. Алдағы уақытта да біздің елден шыққан құнды дүниелеріміз көп. Солардың барлығының елге оралуын Алла нәсіп етсін.