Атырауда жыл басынан бері 14 мыңға жуық сәби дүниеге келген

Өңірде туу көрсеткішінің өскені байқалады.

Кеше халық санын 20 млнға жеткізген бес нәрестенің біреуі Атырау қаласында дүние есігін ашқан еді. Бүгін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері перзентханаға барып, жас босанған аналарды құттықтады. Халық санының өсуіне үлес қосып жатқан жандарға сый жасады.

Комиссия мүшелері алдымен қалалық перзентханаға барып, аналармен кездесті. Мұнда жыл басынан бері 5 мыңға жуық бала дүниеге келген. Комиссия мүшелері жас аналарды ақжолтай жаңалықпен құттықтап, сый жасады. Ел халқының 20 млнға жетуіне қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Әжелер ансамблі әннен шашу шашты.

Рәшила Мұрсалиева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі:

- Бала өмірге келуі үшін, адам саны өсуі үшін елдің жағдайы жақсы болуы керек. Осы халықтың тұрмыс тіршілігін, отбасының мүмкіндіктерін жан-жақты қамтып, бүгін мемлекеттік саясатта осындай жақсы істер жүріп жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Осы қуаныш ұзағынан болсын деп тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болып, халқымыз өсіп-өне берсін.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері облыстық перинаталдық орталыққа да барып, жас аналарды құттықтады. Гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпат көрсетті. Мұнда 14 қараша күні 20-дан аса бала дүние есігін ашқан.

Гүлдана Орынбаева, қала тұрғыны:

- 20 млн-шы болып, өмірге сәби келіп жатыр. Соған үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Бізді құттықтап келіп жатқан ұжымға да алғысымды білдіремін. Бізді ескеріп, құттықтап, өмірге сәби әкеліп жатыр деп құттықтап жатқанына алғысым шексіз.

Биыл Атырау облысында 14 мыңға жуық бала дүниеге келген. Бүгін жаңа босанған аналармен кездескен комиссия мүшелері халық санының өсуі – елдің жағдайы жақсарғанының көрінісі, дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов