Каспий теңізін зерттейтін институт ашылады

Ақтауда Каспийдің экологиялық жағдайын зерттейтін институт құруға мемлекеттен 1,7 миллард теңге бөлінеді.

Сонымен қатар арнайы кемелер сатып алынады. Институт ашылған соң шетелден білікті мамандарды шақыру жоспарланып отыр. «Бұл шаралар су деңгейінің төмендеуін зерттеу және теңіздегі биоортаны сақтау мақсатында атқарылып жатыр», - дейді ғалымдар.

Талғат Исламұлы, тілші:
- Каспий ортақ бес мемлекет - Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан 2006 жылы 12 тамызда конвенция қабылдады. Құжат теңізді және оның биоортасын қорғау, сақтау және қалпына келтіруді көздейді. Алайда бұл келісімнен әзірге нақты нәтиже байқалмайды. 2008 жылы су айдынының жалпы ауданы 113 866 шақырым болған. Қазір 105 мың шаршы шақырымнан сәл асады.

Эколог Орынбасар Тоғжанов Каспийдің тайыздануын Еділ мен Жайық суының азаюымен байланыстырады. Теңізге су негізінен Еділден келеді. «Соңғы уақытта көрші елде су қоймалары көптеп салынды. Сол себепті ол жақта қалып қоятын судың мөлшері де ұлғайды», - дейді ол.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:
- Адамдардың мына суды аса көп пайдалануы көбейіп кетті. Мысал үшін, Еділ өзенінде 11 су электр станциясы бар. Аса қуатты. Оның үстіне жүздеген гидроқұрылыстары бар. Басқа өзендердің бойында да солай. Халық суды аса көп пайдаланып отыр.

Әлемдегі ең үлкен жабық су айдыны жауын-шашынға да тәуелді. Жаһандық климаттың өзгеруімен қатар Каспийге құятын өзендердің ластануы да кері әсер етуде. Экологиялық проблеманы шешуге саясаткерлерден бөлек бес елдің ғалымдары да атсалысуы қажет, деп есептейді профессор Нұрлан Мұңбаев.

Нұрлан Мұңбаев, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі:
- Ұлттық экономика министрлігі соңғы келісімдерді күтіп отыр. Жыл соңында дейін Әділет министрлігі Каспий институтын ресми түрде тіркейді. Институт құру үшін келер жылы мемлекеттен 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұдан бөлек су айдынын зерттеумен шұғылданатын 2 кеме сатып алуға қосымша қаржы қарастылып отыр. Институттың бас кеңсесі Ақтауда орналасады. Сондай-ақ зертхана түрінде Атырауда филиал ашылады. Осылайша Жайық-Каспий бассейнін толық қамтуға мүмкіндік туады.

Рашид Исмаилов, Бүкілресейлік экология қоғамының төрағасы:
- Каспийде экологиялық ахуалдың нашарлауы бес мемлекетке ортақ мәселе. Демек оң шешімін табуға бірлесе әрекет етуміз керек. Бұл бағытта кез келген жобаның іске асуын әр елден сарапшылар бақыласа, біздің қоғам оған белсене атсалысуға әзір.

Еліміздің тарихында алғаш рет ашылатын институт Каспийдің экологиялық жағдайын, итбалық және балықтардың жаппай қырылу себептерін зерттеумен айналысады. Теңіз арқылы шектесетін мемлекеттермен әріптестік байланыс орнатуды негізге алады. Жалпы Ақтау және Атырау университеттерінің оқытушылары да институт ұжымымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбекші.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев