3 өңірде республикалық жолдар жабылды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 3 өңірдегі республикалық жолдар жабылды.

Көктайғақ пен желдің күшеюіне байланысты Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қостанайдағы жолдардың біраз бөлігінде шектеу бар. Ондағы жұмыстарға 240 маман мен арнайы 170 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ Астанадан шығатын барлық бағыттарға жол жабылды.

Ләззат Стамғазиева, «ҚазАвтоЖол»ҰҚ АҚ ресми өкілі:

- Жабық тұрған күре жолдардың қатарына, мәселен, Көкшетау-Атбасар, Жезқазған-Петропавл, Екатеринбург-Алматы тасжолының бірқатар учаскесі жатады. Қандай да бір тыс жағдайға тап болған жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне 1403 байланыс орталығына хабарласқандары абзал. Ал біз өз кезегімізде жабық тұрған күре жол учаскелеріне шықпай, ауа райы болжамын жіті бақылауға шақырамын.

Жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты Қостанай облысында бірінші ауысымның сабақ уақыты қысқартылды. Ал екінші ауысым оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқуға ауыстырылды. Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, қарашаның 22 мен 23-і күндері облыс аумағында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетеді. Осыған байланысты бүгін 12 бағыттағы республикалық және облыстық маңыздағы жолдар жабылды.