Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар

Биыл Маңғыстау облысында 8 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасты. Тағы 300 жас жеке кәсіп ашты.

Аймақта Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін, бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, жастар көтерген әлеуметтік және инновациялық жобаларға басымдық берілді.

Ғалымжан Бекібай Мұнайлы ауданында тұрады. Жастайынан іске алғыр жігіт қазір шағын кәсіпорын басқарады. Іскер азамат «Жастарды шағын несиелеу» жобасы арқылы жылдық мөлшерлемесі 2,5%-пен несие алған. Ол ашқан цех үйлер мен ғимараттардың қасбетін қаптайтын құрылыс материалын шығарады. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ғалымжан Бекібай, кәсіпкер:

- Мынау, жалпы терезенің үсті. Мұның жалпы бір күнде елу, алпысын шығаруға болады. Панелдердің бір күнде 150-160 текше метрін шығаруға болады. Бұл жұмыс маған қиын болған жоқ. Сол себепті жаңағы мемлекеттен берілетін қаржыны білдім, 2,5 пайызбен. Көмек берілгені бір жағынан көп пайдасы тиді. Екі станок сатып алдым.

Ал ақтаулық Дәулет Еркінұлы мемлекеттік «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысқан   жастың бірі. Жоба аясында мол тәжірибе жинағанына қуанышты. Бүгінде облыс әкімдігінде жұмыс істейді.

Дәулет Еркінұлы, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы:

- Осы басқармада жұмыс жасап жүргеніме жарты жылдай болып қалды. Бізге үлкен міндеттер жүктелген. Мысалға айтсақ, өңірді кешенді дамыту жоспарларын біз бақылаймыз. Соның орындалуын, жүзеге асуын біздер бақылаймыз.

Аймақ тұрғындарының 29,1%-ін жастар. Статистикаға сүйенсек, Маңғыстау облысында 35 жасқа дейінгі азаматтар арасындағы  жұмыссыздық деңгейі 4,5% пайыз. Мәселені шешу үшін аудан-қаладағы мансап орталықтары жас буын өкілдеріне нақты жобаларды ұсынады. Жыл басынан бері осы орталықтарға 24 мыңға жуық адам жүгінген.

Мұқаш Оралбай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Бүгінгі күні облыста 231 мың 137 жас бар десек, осы жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бағытында бірнеше нақты жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Осы жоба аясында 5 млн теңге көлемінде грант тағайындалған. Биыл облыс бюджетінен 250 млн теңге қаржы қаралып, 53 азамат осы қайтарымсыз грантқа ие болған. Соның 31-і жастар.

Қазір облыста жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жалғасып жатыр. Жас буын өкілдерінің бизнеспен шұғылдануына мүмкіндік беру үшін өңір бюджетінен 815 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 140 адам мемлекеттен қаражат алды. Жуырда жастардың әлеуметтік әрі инновациялық бастамасын қолдау мақсатында 1 млн теңгелік грантқа байқау басталды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев