9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес күні

Осы айтулы датаға және Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлыққа қарсы конвенциясының 20 жылдығына орай Оралда құқық қорғау органдарының басшылары мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері бас қосты.

Жиында жемқорлықты жоюдың түйінді мәселелері талқыланды.

Жыл басынан бері өңірде 74 коррупциялық қылмыс тіркелді. Оның басым бөлігі, яғни 64-і пара алу мен беру. Осы кезеңде 8 адам бас бостандығынан айырылып, 23 адам 133 млн теңге айыппұл төледі. Алайда жең ұшынан жалғасушылық азаяр емес. Келелі кеңесте сөз алған облыс әкімі қылмыстың алдын алудың маңызына тоқталды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес облыс әкімдігі жанындағы комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, мемлекеттік мекемелермен  жемқорлыққа қарсы әрекет бағытында атқарылып жатырған жұмыстарының есептері тыңдалып,  тиісінше ұсыныстар енгізіліп келеді. Алға қойылған негізгі мақсат мемлекеттік органдар жұмысының мейлінше ашықтығын қамтамасыз ету.

Жемқорлық - ел дамуын тежеуші негізгі фактордың бірі. Коррупциямен күресті күшейту үшін заңдағы кемшіліктерді жою қажет, дейді сөз алғандар. Мәселен бүгінде пара алып, ауыр қылмыс жасаған адамға қарағанда әкімшілік коррупциялық құқық бұзушылық жасағанның жазасы қатаң. Сондай-ақ "жосықсыз қатысушы жөнінде уақытында талап арыз бермеген лауазым иесі небәрі 100 мың теңге айыппұлмен құтылуы да дұрыс емес", - дейді прокурорлар. Ал қоғам белсендісі Бауыржан Ахметжан коррупциямен күреске жұрт болып жұмылу керек деп санайды.

Бауыржан Ахметжан, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Оны жою, оны құрту, онымен күрес уәкілетті органдарға заңмен тапсырылған. Бірақ дегенмен де халықпен және де ашық қоғам шақырта отырып бірлесе жұмыс жасаса осы жұмыстың тиімділігін арттыруға болады. Біз бұл жерде ұсынысымыз қабыл алып, мемлекеттік сатып алу заңына қазір қаралып жатқан жобасына қоғамдық мониторинг деген ұғымды енгізді.

Жиын соңында жемқорлықпен күресте көзге түскен қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне алғыс хаттар тапсырылды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов