Астананы қалың қар басты

Астанаға қалың қар түсті.

Қала көшелері көктайғақ, тұрғындардың жүріп тұруы қиындады. Елордада ақ ұлпа қылау бергеннен қоғамдық көліктің қатынасы ақсайды, жағдайды пайдаланған такси тізгіншілері бағаны шарықтататыны бар. Қарды тазарту жұмысы қалай жүріп жатыр?

Түннен бері толассыз жауған қар елордалықтарды таңсәріден әбігерге салды. Жаяу жүргіншілер жолынан қалды, көліктер кептелді. Коммуналдық қызметтің жұмысы қарқынды, бірақ оларда үлгермей жатыр.

- Үлгере алмай жатыр. Машина көп, орталық кептеліс дейді.

- Қар жаууына байланысты автобустар қатты кешігіп жатыр.

- Қиындайды ғой, тайғанақ. Одан қалды, бүйтіп-бүйтіп ақырын жүреміз, құлап қаламыз ба деп.

Қыс басталғалы 7 мыңға жуық жүк көлігі басқаладан 100 мың текше метр қар шығарды. Бүгін де тазалық мекемелерінің жұмысы қызу. Қар тазалауға мыңнан аса техника мен 2400 маман жұмылдырылды. Ең алдымен көлік қозғалысы көп аймақтар тазартылып жатыр. Жаяу жүргіншілер жолы, алаңқайлар екінші кезекте. Елорданың негізгі көшелері орналасқан Есіл ауданында да қардан тазарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Әлсін-әлсін жауған қарды толық тазалау қиын болып тұр, - дейді жергілікті әкімдік маманы.

Айдар Ибраев, Есіл ауданы әкімдігінің бас маманы:

- Қазіргі таңда толық тазартылды деп айта алмаймыз. Себебі қар тоқтаусыз жауып тұрды. Түні бойы жауды. 70-80%-ін тазалап, сыпырып қойғанбыз. Жиналған қарларды біз өзіміздің полигонға шығарамыз. Қарды қабылдайтын полигон бар бізде. Осы қыс бойынша барлық ауданда шығарылатын қарларға полигон толық дайын.

Табиғаттың тосын қылығын дөп басу қиын. Болжам дегеніңіз беймәлім дүние екені белгілі. Дегенмен Қазгидромет маманы: «биылғы қысқы маусымның ауа-райы жайлы болады», - дейді.

Алина Исмағұлова, «Қазгидромет» РМК-ның баспасөз хатшысы: 

- Ауа райын бақылап отырмыз. Ертең елордада -5, -7 градус салқын болады.  Жел күшейеді, сағатына 15-20 м жылдамдықта соғады деп күтілуде. Жаңа жылға дейін Астанада ауа райы күрт суытады деп ойламаймын. Дегенмен қар қалың түседі. 

Күн райы әзір жылы, қар сәрсенбіде де жаууы мүмкін. Табиғат жан баласымен тілдеспейтіні белгілі, мұндайда сақтық керек.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.