Тасбөгетте спорт кешені ашылды

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде алғаш рет спорт кешені ашылды.

20 мыңдай тұрғыны бар елді мекеннің өрендері бұған дейін ескі мектепте жаттығып жүрген. Жаңа нысанның лентасын қию рәсіміне тұрғындармен қатар спорт ардагерлері қатысты. Құрылысына жарты миллиард теңге жұмсалған ғимаратта жекпе-жек, күрес түрлерімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Футбол, волейбол, баскетбол залы да бар. Ауыр атлеттер үшін де құрал-жабдықтар жетерлік.

Бұл – биыл облыс бойынша ашылған 8-ші спорт кешені. Келер жылы тағы осындай 4 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. 

Талғат Тоқсанбаев, жаттықтырушы:

- Бұл – балалар үшін зор мүмкіншілік. Алдағы уақытта әлем біріншіліктеріне, Азия біріншіліктеріне, Олимпиада ойындарына осындай жаңа спорт кешенінен балалар шығады деген үміттеміз. Соған әрекет жасап жатырмыз.