БҚО-да жаңа кен орнын игеру басталды

Батыс қазақстандықтар болашақта сұйытылған газ тапшылығын тартпайтын болды.

Бұған дейін облысқа қажетті 4 мың тонна сұйық отын көрші Ақтөбе мен Атырау облыстарынан тасымалданса, енді өңірдің өзінде өндіріледі. Бәйтерек ауданында Рожков кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Кеніштің ашылу салтанатына бейнебайланыс режимінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен шетелдік инвесторлар қатысты.

Рожковтағы газоконденсат қоры 2008 жылы табылған. Содан бері кен орнын игеруге қызу дайындық жүрді. Енді міне кеніштен тартылған құбыр «Жайықмұнай» компаниясының газ өңдеу кешеніне жетті. Осы жерде жылына 1 миллиард текше метр газ өңделмек.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Былтыр президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласын жандандыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалар аясында біз биыл 3 газ кен орнын іске қостық. Мамыр айында Оңтүстік Ақсай, жақында Шығыс Өріктал кен орнын іске қостық. Енді міне Рожков кен орнын іске қосып жатырмыз. Біз әрине осы жобалармен тоқтамаймыз.

Кенішті игеруші «Орал Ойл энд Газ» серіктестігінің 50 пайыз акциясы   «ҚазМұнайГазға» тиесілі болса, 27,5% венгриялық, 22,5% қытайлық  компаниялардың үлесінде. Бұған дейін инвесторлар кен орнына 500 млн АҚШ долларын құйған.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Тек облысқа емес, елімізге пайдасы зор. Соның ішінде біздің облысқа айына 4 мың тонна сұйытылған газды алып отырмыз. Бүгінгі күні осы зауытта өңделетін сұйытылған 4 мың тонна ішкі қажеттілікті жабамыз. Әрине қалғаны сыртқа экспортқа  кетеді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы қатысқан кеніштің ашылуы ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосарын атап өтті.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов