Атырауда үш балабақша ашылды

Атырауда бір күнде 3 балабақша ашылды.

Әрқайсысының сыйымдылығы 290 орындық бөбекжайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. Биыл облыс бойынша 9 бөбекжай салу жоспарланған болатын. Оның 6-уы ашылып, тағы 3-еуі жыл аяғына дейін іске қосылатын болады.

Бүгін пайдалануға берілген «Ақжелкен», «Болашақ» және «Бәйтерек» балабақшаларын бөбектермен бірге олардың ата-аналары да асыға күткені ақиқат. Балабақша проблемасы өңірде соңғы 5 жылда өте өзекті болатын.  Мемлекеттік бөбекжайлар құрылысы сұранысты өте алмай, тұрғындар жекеменшік балабақшаларды жағалап жүретін. 

Жеңісбек Сейітжаппаров, қала тұрғыны:

- Өте қуаныштымыз. Бұрын жеке балабақшаға баратын едік. Ол тарлау болды шындығында. Қымбаттау бағасы. Осындай нысандарымыз көп болсын елде. Өте қуаныштымыз.

Пайдалануға беріліп жатқан 9 балабақшаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бүгінде облыста 4 құрылыс компаниясы жергілікті билікпен келісім-шарт жасасып, осындай әлеуметтік жобаларды қолға алған болатын. Шарт бойынша ата-аналар үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Жалғас Мырзағалиев, мердігер мекеменің басшысы

- Мұның өзгешелігі біз өз қаражатымызға салып, сосын мемлекет бірнеше жылдың ішінде бөліп төлейді. Оның ата-аналарға салмағы жоқ. Қаражат мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде жеңілдіктері бар. Ата-ана, мысалы, тек 17 мың теңгедей тамаққа төлейді. 2030 жылға дейін осы бағдарламаны игеретін боламыз.

Жаңа бөбекжайларда бөбектер тәрбиесіне қажетті барлық жағдай қарастырылған. Асхана, жатын орыннан өзге түрлі ойындарға арналған бөлме, сондай-ақ логопед және психолог бөлмелері, спорт залы заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Мектептке дейінгі қажеттілік әлі де артатынын болжап отырмыз. Соған байланысты 5 жылдық жоспар қабылданып, біздер алдағы жылдары 8 мыңға жуық балабақшаларға арналған орынды қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Былтыр осындай жобаның нәтижесінде 1 мыңға жуық бала балабақшамен қамтылған еді. Биыл ол екі есеге өсіп, 2600 бөбекті қамтуға мүмкіндік туды. Дегенмен, өңірде балабақша кезегіне 17 мыңға жық өтініш тіркелгенін ескерген жергілікті билік тиімді жобаны жалғастырмақ ниетте.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов