Атырау облысында тәртіп сақшылары 2 адамды судан құтқарды

Атырау облысындағы Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 2 адамды ажал аузынан алып қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Мұз қатпаған өзеннің үстіне шыққан әйел мен оны құтқарамын деп өзі суға кете жаздаған жүргіншінің өміріне қазір қауіп жоқ. Жалпы биыл атыраулық полицейлер осындай 12 оқыс оқиғада ондаған адамның өмірін сақтап қалды. 

Оқиға Құрманғазы ауданындағы Шора өзенінің үстінде болды. Кешкісін арғы жағалауға мұз үстімен өтпек болған азаматша жылымға батып кетеді. Оны көрген ауылдасы көмекке ұмтылғанымен, шамасы келмей, тәртіп сақшыларына хабарласыпты. Сол күнгі кезекшілікте тұрған бөлімшенің кадр жөніндегі инспекторы Роман Насихан бастаған топ өз басын қауіпке тігіп, азаматтарды аман алып қалды.

Роман Насихан, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкері:

- 2023 жылдың 25 болған оқиға бойынша мен өз қызметтік міндетімді атқардым. Мен өз ісімді ерлік деп есептемеймін. Менің қызметім ішкі салада болғанымен, мақсатымыз ортақ болғандықтан, жұмысымызды әріптестерімізбен бірге атқарамыз.

Қоғамның басты байлығы адам және оның қауіпсіздігі екені даусыз. Ал ішкі істер органдарының ең негізгі міндетінің бірі – азаматтардың өмірін, денсаулығын сақтау, олардың құқығы мен бостандығын қандай да бір қылмыстық қолсұғушылқтан қорғау. Бұл ретте атыраулық тәртіп сақшылары өздерінің қызметтік борышын атқарды, - дейді департамент басшылығы.

Әділхан Байдосов, облыстық ПД басшысының орынбасары

- Полиция аға лейтенанты Насихан Роман дереу оқиға орнына барып, суға батқан азаматшаны құтқаруға әрекет жасады. Әрине, бұл жерде полиция қызметкері жалғыз болған жоқ. Сонымен қатар сол жерге дереу жеткен басқа да полиция қызметкерлері суға батып бара жатқан әйел адам мен оған көмектесуге ұмтылған сол ауылдың азаматын бірге құтқарып қалды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Тұрмыста кездесетін осындай оқиғаларда өз бастарын қатерге тіге жүріп атыраулық полицейлер жыл басынан бері қарай 12 адамның өмірін сақтап қалды. Оның ішінде кәріз құдығына құлаған бала мен жол бойында босанып қала жаздаған жас ана да бар. Айтқандай, көмек енді 2 сағатқа кешіккенде, ананың да, нәрестенің де өміріне қатер төніп тұрған еді.

Адамдар өміріне араша түскен Роман Насихан бастаған 7 полиция қызметкерін марапаттау үшін департамент басшылығы министрлікке ұсыныс дайындап жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.