Ақтөбеде көше шамы көбейеді

Биылдан бастап Ақтөбеде 350-ден астам көшенің қуат көздері жаңғыртылады.

Аймақта арнайы бағдарлама жүзеге асып жатыр. Кейінгі уақытта «көше шамдары жанбайды, жүретін жолымыз қараңғы» деген жұрттың шағымы көбейген.

Мерғали Исатаев «Балауса» тұрғын алабына 10 жыл бұрын көшіп келген. Сол уақыттан бері көшемізде бір де бір шам қойылмады, деп отыр. Жауапты мекемелерден нақты іс болмағаннан көршілері сияқты аула жанына бағана орнатып жарық желісін тартқан. Бірақ оның өзі ымырт түссе аздық етеді. 

Мерғали Исатаев, қала тұрғыны:

- Ойладық енді біздер қаланың ішінде енгізіп тұрғасын жерде "әне шешіледі, міне шешіледі" деді. Бірақ әлі шешілген жоқ мәселе. Барлық жерде тіпті интернет бар, бізде вообще свет та жоқ.

Қамбар Медетов атындағы көше тұрғындары да жарық шамдарын күтіп отыр. Олар қала іргесінде тұрса да, түнде ауладан ұзап шығу мүмкін емес, дейді. Былтыр жаңа бағаналар орнату жоспары іске асқанымен, жұмыс аяқсыз қалған. 

Сара Төлебаева, қала тұрғыны:

- Светтің орындарының бәрін былтыр қондырып кетті. Содан міне басып қалды, тағы жоқ ешқандай жауап. Биыл да жоқ, енді міне күтіп отырмыз. 

Нағашыбай Ахметов, қала тұрғыны:

- Енді мына свет қиын болып тұр бізге. Түнде балалар садиктен келеді, мына жақта мектептен келетін балалар бар кішкентай балалар. Тіпті өзіміз жүре алмаймыз мына жерде, қараңғыда. Көшеге асфальт салып, жарық қылып қойса қандай тамаша болар еді да.

Ал жауапты мекеме өкілдері жарығы жоқ көшелердің мәселесі көп ұзамай шешілетінін айтады. Себебі қазір қала аумағында жарықтандыру желілерін жаңғырту қолға алынды. Оған 5 млрд теңге бөлінді. Оның аясында облыс орталығында 9 мың жарық шамын орнату көзделген.

Болат Серіков қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:

- Енді оның ішінде 358 көше қамтылған. Ол жақта көне көшелердің жарық шамдарын, бағаналарын, желілерін, одан бөлек осы қала аумағында жарық шамдарымен қамтылмаған көшелерде кіріп кетеді ішіне. Осы Ақтөбе қаласының аумағында 54 тұрғын массивтің ішінде де көшелер өзі тізім бойынша қамтылатын болады. 

Бұл жұмыстар келер жылы аяқталса, қаладағы жаңаратын жарықтандыру желілері 50 процентке жетеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев