Елде 3 млн адамға алғашқы медкөмек қолжетімсіз

Елде 3 миллионға жуық тұрғын алғашқы медициналық-санитарлық көмектен тыс қалып келеді.

Бұл жайында Сенатор Ақмарал Әлназарова Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Ауылдарда 13 мың дәрігерлік пункт болса, 1700-інде білікті кадр жоқ. Ем іздеген науқастар толыққанды материалдық-техникалық базасы жоқ емханалар арасында көшіп-қонуға мәжбүр. Тіпті дәрігерлер азаматтардың кейбір санатын тіркеуде қиындыққа тап болып отыр. Соңғы 5 жылда алғашқы медициналық көмек қаржысының үлесі 22%-ға төмендеген. Жүйеге берілген қаржы көлемі артса да, алғашқы медициналық көмек тарифтері өзгеріссіз қалып келеді. Депутат сонымен қатар медициналық ұйымдарда бөлінген қаражатты дербес реттеу құқығының болмай отырғанына тоқталды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Емханалар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мекемелер болып саналғанымен, өз бетінше тәуелсіз басқару құқығынан айырылған. Оған дәлел ретінде мекемелердің сақтандыру қорынан бір жылға бөлінетін қаражатты, пациенттердің нақты қажеттілігіне ескерілмеген жоспары бойынша әр ай сайын игерумен айналысуы. Медициналық ұйымдар пациентті емдеу, ауруларды талдау емес, бекітілген қаражат игерілмегеніне немесе сызықтық шкаладан асса, салынатын айыппұлдарды болдырмаумен айналысуда.