Атырау облысында 36 мың адам жұмыспен қамтылады

Атырау облысында биыл 36 мың адам жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 9300-ден астамы тұрақты қызметке орналасады. Сондай-ақ 1800 жасты «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары арқылы жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұған қоса 142 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілмек. Бұл бағытта 710 млн теңгедей қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.

Сонымен қатар 9345 атыраулыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Оған 770 млн теңгедей қаржы бөлінді. Өңірге жұмыс істеуге келетін шетелдіктер үшін бөлінетін квота саны да, жыл сайын азайып келеді.

Азамат Мәмбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Облысымызда шетелдік жұмыс күшін тарту арнайы квоталары бар. Біз жыл сайын мұны төмендетіп келеміз. Былтыр 6200 шетел азаматы келетін болса, биыл 4765 адамға дейін түсіріп отырмыз. Себебі жергілікті «келешек кеңею» жобасынан босатылған мамандарды шетелдің азаматтарымен алмастырып, жергілікті кадрлардың үлесін арттыру мақсатында.