Алматыда лай көшкінінен 4 адам қаза тапты

Бүгін түн ортасында Алматының бір мөлтек ауданы лай көшкінінен оянды.

Өкінішке орай, техногендік сипаттағы апаттан 4 адам қаза тапты. Балшық астында қалған үйдің тұрғындарын іздеу жұмыстары түске таман аяқталды. Марқұмдардың денесі батпақты қиранды астынан шығарылды. Бір үй қирап, тағы екеуіне зақым келді.

Қираған үйдің тұрғындары бұл шақыруға енді жауап қата алмайды. Гүрсілдеген дауысты естіген көршілері бірден далаға шығып, көмек бермекші болған. Бірақ дәрмен жоқ. Жоғарыдан түскен ауыр батпақ ескі үйді жайпап өткен. Соның кесірінен бір шаңырақтан 4 адам қайтыс болды. Олар 40 жастағы ер азамат және 44 жастағы әйел адам. 16 жастағы егіз ұлдар да қыршын қиылды. Олардың тірі екенінен үмітті көршілері мен таныстары таңнан осында жүрді.

Максим, марқұмның досы:

- Бұл үйде менің досым егіз бауырымен және әке-шешесімен тұратын. Таңертең осындай хабар естіген соң бірден қоңырау шалдым. Барлығының телефоны сөндірулі. Содан соң лай көшкіні туралы жаңалықтардан оқыдым. Екеуміздің танысқанымызға бір жылдан асты.

3200 текшеметр лай көшкіні басып қалған үй Таусамалы шағын ауданындағы Олимпиада көшесінде орналасқан. Дәл тау бөктерінде тұр. Оқиға орнына келген қала әкімі жағдаймен танысып, жедел жұмыс тобын жасақтады.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- 03:00-тен бастап бүгінгі Төтенше жағдай департаменті, аудан әкімшілігі, қалалық служба бәрі осы жерге жиналып жұмыстарымызды істеп жатырмыз. Басқа көршілер үйлердің бәрін көшіріп осы 47-мектепке түнде жайғастырдық. Енді содан кейін туысқан, ағайындарына, қонақ үйлеріне өздері кетіп қалды барлығы.

Оқиға орнында жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеді. Психологтар марқұмдардың туыстары мен көршілеріне психологиялық көмек көрсетті.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Түнгі сағат 02:00-де болған техногендік сипаттағы лай көшкіні салдарынан бір үй толық қирап, екінші үй зардап шекті. Үшінші көпқабатты үйдің ауласын лай басып қалған. Лай астындағы қираған үйден басқа тұрғындар номері 47 мектепке эвакуацияланыпты. Жол жабылып, 182 адам мен 32 техника құтқару, тазалау жұмыстарын жүргізді.

Апаттан кейін іле-шала басталған іздеу, құтқару жұмыстары түске таяу аяқталды. Әйнек, темір, ағаш сынықтары араласқан батпақты аршу қолмен жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен Республикалық жедел-құтқару жасағы құтқарушыларының еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн.  

Біржан Байқұлов, ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:

- Бірінші, кинологтарды жібердік. Одан кейін үйдің шатырын ақырындап кесіп, адамдардың ізін іздеу басталды. Түнімен жұмыс істегеніміздің себебі, саз балшықтардың бәрін тазаладық. Адамдарды шығару үшін.

Оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр. Жағдай техногендік фактордың салдарынан орын алған. Төтеншеліктердің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша су құбыры тесіліп, ылғалданған топырақ опырылып кеткен.

Еркебұлан Оразалин, Медеу ауданының әкімі:

- Бүгінгі таңда қазір қасындағы үйлерге қауіп жоқ. Жаңағы түсіретін жердің өзі де төменде орналасқан жер үйлерге қауіп ешқандай болмайды. Бірақ арықарай тағы да толық бітпеген, жоғарыда орналасқан ғимаратты көріп отырсыздар ғой, соның заңдылығын анықтау керек. Өйткені мүмкін сол салынып жатқан жоғары жақтағы үлкен үйлердің себебі болуы мүмкін деген бізде болжам бар.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қала әкімідігі марқұмдарды жерлеуге және осы отбасының шет елде оқитын үлкен ұлына да материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев