Қызылорда облысында 15 ауыл қауіпті аймақта тұр

Қызылорда облысында 15 елді мекен су жайылуы мүмкін қауіпті аумақта тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Мұндағы 52 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінің 130 шақырымнан астам бөгетін нығайту керек. Өйткені төрт ауданның тұсындағы өзен иіндерін ұзақ жылдар бойы ағын су үңгіп, бөгеттің беріктігіне қауіп төнген. Жоба құны 4 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың Сыр өңіріне сапары барысында айтылды.

Қазір Қызылорда су торабынан 100 текше метр шамасында су өтіп жатыр. Жетікөл ауылының тұсында мұз қатып тұр. Су тасқынына қарсы жұмылдырылатын техникалар толық дайын. Инертті материал жеткілікті. Өзен бойындағы елді мекендер тұсында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Марат Құрманбаев, Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

- Су 2017 жылы мол болды. Сол кезде қанша дегенмен дамбаны, қорғаныс бөгеттерін бұзады. Оны қалпына келтіру міндетті түрде атқарылу керек. Жалпы бұл жоба бұған дейін де жол картасында қарастырылған. Қазіргі күні бұл жобаға қайтадан түзетулер енгізіп, қайтадан Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттік тапсырыс беріліп отыр.