О. Бектенов ауылдағы денсаулық сақтау жобасын сынға алды

Былтыр ауылдық елді мекендерде 309 емдеу мекемесі салынуы тиіс еді.

Бірақ құрылыс жұмыстары мерзімге сай жүргізілмей отыр. Әкімдіктер де жер телімін уақытылы бөлмей, түрлі сылтаумен созбаққа салып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп, «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасын іске асыра алмай отырған мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ісін сынға алды. Үкімет басшысы ұлттық жоба аясында атқарылуға тиіс жұмыстардың қарқынын едәуір жеделдетуді тапсырды. «Әрбір нысанның құрылысы нақты мерзімде аяқталып, пайдалануға берілуі қажет», – деді.

Сондай-ақ отырыс барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова маман тапшылығы мәселесін шешу жоспары жайында баяндады. Биылдан бастап аудандық ауруханалар 500-ге жуық дәрігер, 300-ден аса жас маманмен қамтылады. Оларға әлеуметтік қолдау шаралары өңір қаражаты есебінен төленеді. Жалпы мыңнан аса білікті кадрды даярлап, қатарға қосу көзделіп отыр.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ұлттық жобаның бірінші міндеті шеңберінде барлығы 655 МСАК салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 92 МСАК құрылысы аяқталды. Жетеуінің жоба мерзімдері бұзылып, биылғы жылы аяқталады деп күтіліп отыр.